Биылғы инвестициялық бағдарлама аясында құрылыс-монтаж жұмыстарының 75%-ы орындалған.
Қаражаттың негізгі бөлігі электр желілерін жаңғыртуға, ескірген жабдықтарды ауыстыруға және желінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Шарада «Западная» қосалқы станциясы мен «Энергоцентр-1» тарату пунктіндегі жұмыстар таныстырылды.
«Западная» қосалқы станциясын жаңғырту жобасының екінші кезеңіне 2,483 млрд теңге бөлінген.
Жұмыс электр желісіндегі кернеуді тұрақтандырып, елорданы электр энергиясымен қамту сенімділігін арттыруға бағытталды.
Ал жобаның алғашқы кезеңі былтыр жүзеге асырылып, оған 118,87 млн теңге жұмсалған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар электр желілеріндегі ақаулардың алдын алып, тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал «Энергоцентр-1» тарату пункті 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Нысандағы кейбір жабдықтардың тозуына байланысты оны жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаға биыл 648,877 млн теңге қарастырылды.
Бұл нысан арқылы электр энергиясын алатын тұтынушылар қатарында Астана қаласының әкімдігі, Мемлекеттік басқару академиясы және Қорғаныс министрлігі бар.
Жаңғырту барысында отандық өндірістің жабдықтарына басымдық берілген.
— «Энергоцентр-1» тарату пунктін реконструкциялау кезінде отандық өндірістің жабдықтары қолданылып жатыр. Мәселен, вакуумды ажыратқышты Астанадағы электр техникалық зауыты жеткізді. Қалған жабдықтардың басым бөлігі Алматыдағы Alageum Electric зауытынан алынған. Жабдықтарды таңдағанда отандық өндірушілерді барынша қолдауға тырысамыз, — деді «Астана — АЭК» АҚ даму жөніндегі атқарушы директоры Қуандық Ержанов.
Өткен жылы «Астана — АЭК» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасына 6,661 млрд теңге бекітіліп, нақты орындалған көлем 6,792 млрд теңгені құрады.
Қаражат ескірген жабдықтарды ауыстыруға, электр желілерін дамытуға және олардың жұмысын автоматтандыруға бағытталды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасы бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағында орын алған технологиялық ақаулардың себебін тергеп-тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссия энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру жөніндегі шараларды қарады.