Астанада ер адам бұрынғы жұмыс берушінің көлігін айдап әкеткен

АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Елордалық тәртіп сақшылары бұрынғы жұмыс берушінің қызметтік темір тұлпарын айдап әкеткен ер адамды ұстады.

«Есіл» аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне ЖШС директоры хабарласып, Пригородный кентінде сағат 14.00-де «Тойота Камри» қызметтік көлігі қолды болғанын айтқан.

Жедел-іздестіру шараларының барысында Есіл аудандық ІІБ және Астана қалалық ІІД жол полициясы қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен бір сағаттың ішінде күдіктіні қолға түсірген. 29 жастағы қала тұрғыны зардап шегушінің қол астында жұмыс істеген.

Ер адам алдын ала әзірленген көлік кілтінің көшірмесі арқылы темір тұлпарды зардап шегушінің ауласынан айдап кеткен екен.

Бейнебақылау камераларына ер адамның шетелдік көліктен мемлекеттік нөмірлерді асыға шешіп жатқаны түсіп қалған. Бұл тәртіп сақшыларына оны тездетіп құрықтауға сеп болды.

Қазіргі таңда аталмыш оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Өзгенің көлігін заңсыз иемденген пысықайға ҚР ҚК 185 бабының 1-ші тармағы бойынша айып тағылып отыр. Ал шетелдік көлік иесіне қайтарылды.