Астанада «Формула-1» трассасын салу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Формула-1» жарысына арналған трасса, Open Air іс-шаралары өтетін алаң және аттракциондар паркін салу ұсынылды. Бұл бастамалар елорданың туризм саласын дамыту стратегиясын әзірлеу аясында қарастырылып отыр.

Фото: Azertag

Бұл туралы «Future of Mobility» ЖШС-нің даму жөніндегі директоры Ұлыбек Қиманов Астана қаласы мәслихатында өткен қоғамдық тыңдауда мәлімдеді.

Ол елорданың туризм саласын дамыту стратегиясын әзірлеудің аралық нәтижелерін таныстырды. Құжатты әзірлеу барысында мамандар Астананың туристік әлеуетін саралап, шетелдік туристерді тартудың негізгі бағыттарын қарастырған.

Ұлыбек Қимановтың айтуынша, соның бірі – Астананы Орталық Азиядағы ірі іс-шаралар өтетін орталық ретінде дамыту.

– Осы бағытта Астанада «Формула-1» жарысына арналған трасса, Open Air іс-шаралары өтетін алаң және аттракциондар паркін салу ұсынылып отыр, – деді Ұлыбек Қиманов.

Бұдан бөлек, стратегияны әзірлеушілер елордада этноорталық, жаңа музейлер мен гастрономиялық көшелер ашуды ұсынған.

Бұған дейін Астанада аумағы 10 мың шаршы метр болатын Орталық Азиядағы ең ірі жабық аттракцион паркін іске қосу жоспарланып отырғанын жаздық.