19 тамыз күні сағат 10:00–де alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026 өтеді. Форум гуманоидты робототехника, Embodied AI, бизнес және жаңа технологияларды іс жүзінде қолдану бағыттарын біріктіретін Қазақстандағы алғашқы мамандандырылған алаңдардың бірі болмақ.
Ауқымды іс-шараға гуманоидты роботтар саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі AgiBot қатысады. Компания жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жаңа буын роботтарды және робототехникалық шешімдерді әзірлейді.
— Форум аясында QAZBOT Қазақстандағы Robotics & AI саласын дамыту жөніндегі көзқарасын және компания қызметінің негізгі бағыттарын таныстырады. Атап айтқанда, робототехникалық жүйелерді жергіліктендіру және өндіру, бағдарламалық қамтамасыз ету мен AI модельдерін әзірлеу, R& D және Data Factory бағыттарын дамыту, инженерлік кадрларды даярлау және шешімдерді экономиканың түрлі салаларына енгізу мәселелері қамтылады, — делінген хабарламада.
Форумда бизнеспен практикалық өзара іс-қимылға да ерекше назар аударылады. Іс-шара аясында QAZBOT және AgiBot компанияларының ірі қазақстандық компаниялар өкілдерімен бірқатар жабық B2B кездесулері жоспарланған. Оған банк және қаржы секторының, мұнай-газ саласының, өнеркәсіптің және Қазақстан экономикасының басқа да негізгі салаларының жетекші өкілдері қатысуға шақырылды.
AgiBot компаниясының операциялық директоры Цзян Цинсун (Jiang Qingsong) робототехника саласының дамуы жөніндегі халықаралық тәжірибесімен бөліседі. Іскерлік бағдарламада QAZBOT Technologies және Astana Hub өкілдерінің сөз сөйлеуі де жоспарланған.
Осыған дейін 9–10 қыркүйекте Астанада IX Astana Finance Days 2026 халықаралық қаржы форумы өтетінін жазғанбыз.