Астанада Халықаралық қытай тілі күні аталып өтті

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясында Астанада Халықаралық қытай тілі күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара аясында «Жібек жолы мен көркем жазу: жастықты қаламмен бейнелеу» атты Қазақстан жасөспірімдерінің қытай иероглифтерін жазу байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Аталған іс-шараны Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен Бейжің тіл және мәдениет университетінің Қазақстандағы филиалы бірлесіп өткізді. Бағдарлама қытай тілін дәріптеу, каллиграфия өнерін таныстыру, мәдени қойылымдар ұйымдастыру және халықтар арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Салтанатты іс-шараға Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, Астана халықаралық университетінің ректоры Анар Мырзағалиева, Бейжің тіл және мәдениет университеті Қазақстан филиалының қытайлық директоры Лю Сяньцян, Конфуций институтының өкілдері, білім беру саласының мамандары, студенттер мен қоғам өкілдері қатысты.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Хань Чуньлинь өз сөзінде Халықаралық қытай тілі күні Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен алты ресми тіл күнінің бірі екенін айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда қытай тілін оқыту бағытындағы ынтымақтастық табысты дамып келе жатыр.

– Қазіргі таңда Қазақстанда Қытай жоғары оқу орындарының 3 филиалы, 5 Конфуций институты және 3 Лу Бань шеберханасы жұмыс істейді. Бұл екі ел арасындағы білім беру саласындағы өзара ықпалдастықтың нақты нәтижесі, – деді елші.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Астана халықаралық университетінің ректоры Анар Мырзағалиева қазіргі уақытта қытай тілін меңгеруге деген қызығушылық тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде университетте қытай тілі мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер саны 450-ден асқан.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында әрбір студенттің жетістігі мен өсіп-өркендеуі екі елдің мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігінің жарқын болашағын қалыптастыратын маңызды күш саналады, – деп атап өтті ректор.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Мәдени бағдарлама барысында университет студенттері домбыра күйін орындап, би билеп, қытай тілінде ән шырқап, қытай поэзиясынан өлең оқыды. Өнер көрсетілімдері студенттердің қытай тілін жоғары деңгейде меңгергенін айқын көрсетті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Іс-шара аясында Қазақстан жасөспірімдері арасында өткен қытай иероглифтерін жазу байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқау қорытындысында қатысушылар «Көрермен көзайымы», «Үздік нәтиже», ІІІ орын, ІІ орын, І орын және «Үздік ұйымдастырушы» аталымдарымен марапатталды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Іс-шара соңында қатысушылар үшін қытай каллиграфиясы бойынша көрме-тәжірибе алаңы ұйымдастырылып, қонақтарға қытайдың дәстүрлі жазу өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берілді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұған дейін 13-17 сәуір аралығында Maqsut Narikbayev University (MNU) базасында ҚР Президенті телерадиокешені мен Қытай медиа тобының (CMG) бірлесуімен бірегей білім беру бағдарламасы ұйымдастырғанын жазған болатынбыз.