Астанада қалың қар жауып, 2600-ден астам коммуналдық қызметкер қар күреуге шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада екінші күн қар жауып тұр. Коммуналдық қызметтер ауа райының қолайсыздығына қарамастан тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

20-ынан 21 желтоқсанға қараған түнде коммуналдық қызметтер Астанадан 2357 жүк көлігі немесе 30 мың текше метр қар шығарды. 

Фото: Астана әкімдігі

1 желтоқсан күні таңертең қар күреу жұмыстарына 2600-ден астам жол жұмысшысы мен 1500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.

Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға қаладан 99 829 рейспен 1,2 млн текше метрден астам қар шығарылды.

Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.

Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.

Фото: Астана әкімдігі

Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.

Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.

Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласыңыз.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, елорданың орталық саябағында шаңғы маусымының ашылуы өтеді.