Threads қолданушысы Мәңгілік Ел және Бұқар жырау даңғылының бойындағы үйлердің маңынан көрген қоңыздардың суреттерін жариялаған. Пікір жазған тұрғындардың айтуынша, бұл жәндіктер балкондарда да пайда болған. Кейбір қолданушылар осындай қоңыздарды Ақтөбе, Қостанай және Екібастұз қалаларында да көргенін жазған.
Басқарма өкілдерінің түсіндіруінше, қара қоңыз адам денсаулығына қауіп төндірмейді және жоспарлы дезинсекция жүргізілетін зиянкестер қатарына жатпайды.
– Бұл жәндіктердің жаппай пайда болуы – маусымдық табиғи құбылыс. Бұл олардың табиғи көшу кезеңімен байланысты. Мамандардың бақылауына сәйкес, арнайы өңдеу жұмыстарын жүргізбей-ақ олардың саны бір жарым-екі апта ішінде өздігінен азаяды, – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, қара қоңыздар шақпайды әрі жиһазға зиян келтірмейді. Дегенмен кейбір түрлері қауіп төнген жағдайда қорғану үшін жағымсыз иісті сұйықтық шашуы мүмкін.
Бұған дейін Маңғыстау облысында қара қоңыз қаптап кетіп, оған зерттеу жүргізіліп, карантиндік жәндік емес екендігі анықталған болатын.