Астанада Қазақстан анимациясының апталығы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – 23 наурыздан бастап Астанада Қазақстан анимациясының апталығы өтеді. Ұлыстың ұлы күніне орай үздік отандық мультфильмдер тегін көрсетіледі. Бұл туралы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі мәлім етті.
Наурыз мерекесіне орай үздік отандық мультфильмдер көрермендерге тегін жол тартпақшы. Көрсетілімдер 23-27 наурыз аралығында ұйымдастырылады.
Отандық мульфилмдерді кішкентай көрермендер төмендегі кинотеатрлардан тамашалай алады:
• Астана: Ұлттық әскери-патриоттық орталығы және «Арсенал» кинотеатры.
• Қарағанды: «Сарыжайлау» кинотеатры.
Бағдарламада:
• 2025 жылғы жаңа мультфильмдер мен «алтын қордағы» туындылар.
• Мемлекеттік тілдегі сапалы анимация.
• Шеткі гарнизондардағы (Семей, Отар, Сарыөзек) әскери қызметшілердің балаларына арналған арнайы көрсетілімдер.
Анимация апталығының ашылу салтанаты 23 наурыз күні сағат 12:00-де Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтеді.
Еске сала кетейік, былтыр Астанада «Ұлттық анимациялық фильмдер апталығы» қазан айында өткен еді.