Астанада Қазақстан полициясының 25 жылдығына арналған байқау нәтижесі белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 25 жыл бұрын «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары» туралы Заңы қабылданған болатын.  Бұл елімізде Қазақстан полициясының істері мен қызметін анықтайтын ең алғашқы құжат болатын.

 Ал 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен  маусымның 23 жұлдызы ресми түрде «Қазақстан полициясы күні» деп бекітілді.

Өздеріңіз білетіндей, тәртіп сақшыларының жұмысы таңғы сағат тоғыз бен кешкі сағат алтының аралығында ғана шектеліп қалуы мүмкін емес. Олар халықтың тыныштығын күн, түн демеу күзетеді. Одан қалды әрдайым әлеуметтік тәртіпті бақылауда ұстайды, қауіп-қатердің алдын алады. Айта кету керек,  төнген қауіпті ауыздықтауда полиция қызметкерлері өз басын бәйгеге тігетін кездері де аз емес.

Қазақстан полициясы күні - тәуелсіздік жылдарында аталған маңызды қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлерге және бүгінгі таңда осы салада тер төгіп жүрген барша азаматтарға алғыс білдіруге арналған  күн. Бұған қоса, 23 маусым - бейбіт заманда еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін қиған жандарды еске алу, олардың аруақтарына құрмет көрсету күні болып  табылады.

Биыл  Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдарының 25 жылдығын мерекелеу аясында қазақстандық полиция туралы түрлі номинация бойынша үздік шығармашылық жұмысқа байқау ұйымдастырған болатын.   Аталмыш байқаудың негізгі мақсаты - еліміздің өскелең ұрпағының, жастардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу, полиция кәсібіне қатысты оң көзқарасты қалыптастыру және жоғарылату. Сондай-ақ, шығармашылық жұмыстарға республика тұрғындарын тарту арқылы полиция қызметкерлерінің жұмыстағы қызықты тұстарын, қызметтер дәстүрін ашу, оған қоса қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлер мен әскери қызметшілерді еске алу іспеттес міндеттер көзделді.

Айта кету керек, Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдарының 25 жылдығы аясында өткізілген шығармашылық байқау жүзеге бірнеше номинация бойынша асырылды. Атап айтсақ, олар: «Үздік проморолик» және «Үздік PR-мақала» аталымдары. Сондай-ақ, үздік шығарма мен «Объективте - қазақстандық полиция»  тақырыбанда «Үздік фотоконтент» номинациясы бойынша үздік фотосурет байқауы да қатар жарияланды.

Шығармашылық байқаудың бастау алғандығы туралы ақпарат әлеуметтік желілердегі Ішкі істер министрлігінің ресми парақшаларында сәуір айының ортасында жарияланған болатын. Ал үміткерлердің жұмыстары 1-31 мамыр аралығында қабылданды. Жуырда ғана, яғни Астана күнін мерекелеу қарсаңында аталмыш шығармашылық байқаудың қорытындылары белгілі болды. Байқау жеңімпаздары Ішкі істер министрлігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында интернет қолданушылардың тәуелсіз дауыс беру нәтижесінде анықталды. 

Сонымен, Астана қаласының тұрғыны Арнай Ормаштың түсірген суреті «Объективте - қазақстандық полиция» фотобайқауының үздік туындысы болып танылды. Ал «Полиция - балалардың көзімен» атты 12 жасқа дейінгі балалар арасындағы сурет байқауында астаналық 9 жасар Ануарбек Рамазанның еңбегі елді сүйсіндірді. Сондай-ақ, «Ең үздік ролик» номинациясы бойынша Астана қаласының тұрғыны Рустем Каби көш бастаса, «Ең үздік мақала» авторы болып, павлодарлық Айдана Қуанышева танылды.

Аталған шығармашылық жұмыс иелеріне Қазақстан республикасының  Ішкі істер министрінің дипломы мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.