Астанада Қазақстан–Кипр бизнес-форумы өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Кипр Президенті Никос Христодулидис Кипр Президентінің ресми сапары аясында Астанада өтіп жатқан Қазақстан-Кипр бизнес-форумына қатысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қывзметі мәлім етті.

Фото: Үкімет

Форум алаңында екі елдің 70-тен астам бизнес-қоғамдастық өкілдері сауда, логистика, АӨК, IT және жасанды интеллект сияқты экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Форумда сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрі Қазақстан және Кипр президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидис келіссөздер барысында өзара сауданы дамыту әлеуетін белгілеп, өзара тиімді уағдаластықтар жасасуға дайын екендіктерін атап өткенін айтты. Өз кезегінде диалог алаңы іскер топтардың тікелей ынтымақтастығын орнатуға мүмкіндік береді.

Фото: Үкімет
— Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен экономиканы әртараптандыруға, инновацияларды ынталандыруға және білімге негізделген даму моделін ілгерілетуге бағытталған ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыруда. Қазақстан халқы қуатты, озық және бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалайтын жаңа Конституцияны қолдады. Онда инвестициялық саясат пен капитал тарту тұрақты экономикалық өсу мен технологиялық жаңғыруды қамтамасыз етудің тұғыры болып саналады, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Никос Христодулидис өз сөзінде Кипр қазақстандық компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығудың тиімді нүктесі, сондай-ақ өңірлік операциялар мен құрылымдық инвестициялар үшін сенімді әріптес бола алатынын атап өтті.

Фото: Үкімет
— Кипр Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық маңызды әріптес, Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды нығайтуда және бүкіл Еуразия бойынша жаңа сауда, инвестициялық дәліздерді дамытуда анағұрлым маңызды рөл атқаратын өңірлік, халықаралық маңызы бар ел ретінде қарастырады. Жаһандық жеткізу тізбектері мен көлік бағыттарын түбегейлі қайта құру жағдайында Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие болып отыр және Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы байланыс контекстінде осы жаңа архитектураның негізгі элементіне айналуда. Кипр экономикасы қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарамастан орнықты әрі тұрақты өсім көрсетуді жалғастыруда. Бірге жұмыс істей отырып, біз бұл әлеуетті нақты нәтижелерге айналдырамыз және жаңа мүмкіндіктер мен берік экономикалық байланыстар құрып, қос елдің халқы мен экономикасы үшін ұзақмерзімді өркендеуге қол жеткізе аламыз,— деп атап өтті Никос Христодулидис.

Сессия модераторы, Freedom Holding Corp. төрағасы Тимур Турлов Кипр Қазақстанның резидент-компанияларыға қаржылық және инвестициялық қызметтер көрсетуде, сондай-ақ түрлі инвестициялық жобаларды сүйемелдеуде маңызды серіктестердің бірі болып саналатынын атап өтті.

Фото: Үкімет

Оның айтуынша, екі елдің кәсіпкерлік қоғамдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту жаңа бастамаларды жүзеге асыруға және инвестициялар тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Форумға қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен іскерлік экожүйесі ұсынылды. Қазақстан Премьер-министрі екі елдің кәсіпорындарын, әсіресе өзара қызығушылық тудыратын жаңа салаларда белсенді ынтымақтасуға шақырды. Қазақстан инвесторлар мен жоғары білікті мамандарды тартуға мүдделі. Осы мақсатта көші-қон саясаты жетілдіріліп, «Алтын виза» арнайы визалық режимі енгізілді.

«Заң мен тәртіп» президенттік қағидатына сәйкес елімізде инвесторлармен өзара іс-қимыл және инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде тиімді сүйемелдеу архитектурасы құрылған. Астана халықаралық қаржы орталығы ағылшын жалпы құқығының юрисдикциясымен және бизнесті жүргізудің бірегей шарттарымен жұмыс істейді, онда бүгінде Кипрден 30-дан астам компания тіркелген. Инвесторлардың жұмысы үшін инновациялық технологияларды дамытуға және ЖИ шешімдерін белсенді енгізуге мүмкіндік беретін қажетті инфрақұрылымдық база құрылды.

Астанада жасанды интеллект бойынша халықаралық Alem.AI орталығы, Еуразиядағы ең ірі технологиялық алаңдардың бірі Astana Hub жұмыс істейді, екі қуатты суперкомпьютер іске қосылды, сондай-ақ «ДӨО алқабы» жобасы салынуда және тағы да басқалар жүзеге асырылуда. Қазақстан Премьер-министрі форумға қатысушылардың назарын ұзақмерзімді байланыстарды нығайту үшін үлкен әлеуетке ие экономика секторларына аударды. Атап айтқанда, көлік-логистика саласында өзара тиімді перспективалар атап өтілді.

Фото: Үкімет

Еуразияның орталығында орналасқан Қазақстан өңірлік хаб рөлін нығайтып, Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 80%-дан астамын қамтамасыз етеді. Ал Кипр Шығыс Жерорта теңізіндегі мүмкіндіктері мен теңіз қызметтері, кеме қатынасы және кемелерді басқару саласындағы тәжірибесін ескере отырып, маңызды рөл атқарады.

Аграрлық салада азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамудың артып келе жатқан рөлін ескере отырып, ынтымақтастықты кеңейту үшін әлеует бар. Қазақстан әлемдегі ірі астық өндірушілердің ондығына кіреді және оны 70-тен астам елге экспорттайды, сондай-ақ тыңайтқыштар өндірісін дамытып келеді. Өз кезегінде Кипр жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде мықты позицияларға ие. Цифрлық технологиялар мен инновациялар саласы ынтымақтастыққа елеулі серпін береді.

Фото: Үкімет

Дамыған цифрлық инфрақұрылымы бар Қазақстан кипрлық компанияларға IT, финтех, GovTech және жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін практикалық алаң ұсынады. Кипр екі ел арасындағы өзара тиімді әрі елеулі серіктестік әлеуетін көріп отыр. Бұл әлеуетті нақты нәтижелерге айналдырып, экономикалық байланыстарды нығайтуға және екі ел халқы мен бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға болады. Қазақстанмен алғашқы тікелей әуе рейсінің іске қосылуы, кеме қатынасы, теңіз қызметтері, көлік және логистика, финтех, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, инновациялар, энергетика, әсіресе жаңартылатын энергия көздері, фармацевтика, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты салаларда өзара тығыз ынтымақтастықты дамытуға жаңа әрі елеулі мүмкіндіктер ашады.

Форум қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Кипр президенті Никос Христодулидис сауда-экономикалық әріптестікті нығайтуға бағытталған іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өзара тиімді жаңа жобаларды іске қосуға дайын екендіктерін атап өтті. Өз тарапынан Қазақстан Үкіметі барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын.

Еске сала кетейік, елордада Кипр Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға алғашқы ресми сапары басталды. Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сән-салтанатпен қарсы алды.