Астанада «Қытай – Орталық Азия» саммиті қарсаңында ынтымақтастық перспективалары талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада «Қытай – Орталық Азия саммиті: әріптестікті нығайту және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
– Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы достықтың тарихы терең және жыл сайын нығая түспек. Біз бірлесіп ежелгі Жібек жолы бойындағы мәдени қарым-қатынастың тамаша тарауын жаздық. 1992 жылы Қытай Орталық Азия елдерімен алғаш болып дипломатиялық қатынас орнатты, бұл екіжақты байланыстың жаңа дәуірінің бастамасы болды. 30 жылдан астам уақыт ішінде Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып, жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Бұл қарым-қатынас өзара құрметке, әділдікке, ынтымақтастық пен өзара тиімділікке негізделген жаңа үлгідегі халықаралық қарым-қатынастың жарқын үлгісі, - деді Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлин видеоүндеу арқылы.
Сондай-ақ елші «Қытай – Орталық Азия» қарым-қатынасына тоқталды. Оның айтуынша, Қытай мен аймақ елдерінің дербес таңдауы, алты ел халқының үміті мен ортақ мүддесін бейнелейді. Аталған бастама саяси үйлестіру мен тиімді ынтымақтастықтың жаңа алаңына айналып, өңірдегі қауіпсіздік пен өркендеуге серпін берді әрі бүкіл аймақ пен әлемге жағымды энергия мен тұрақтылық әкелді.
– 2023 жылғы мамырда Қытайдың Сиань қаласында «Қытай – Орталық Азия» алғашқы саммиті табысты өтті. Осы жиында жоғары деңгейдегі кездесулер тетігі ресми түрде іске қосылды. Алты мемлекеттің басшылары ынтымақтастық мәселелерін талқылап, маңызды келісімдерге қол жеткізді және ортақ іс-қимыл жоспарын айқындады. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытайдың Орталық Азияға қатысты саясатын баяндап, ел басшылары «Қытай – Орталық Азия» тағдыр ортақтығы қауымдастығын бірлесе құру туралы шешім қабылдады. Сиань саммитінен кейін екі жыл ішінде нәтижесі байқалды, яғни ірі жобалар іске қосылып, ынтымақтастық үдерісі жеделдеді. Саяси сенім нығайып, тараптар негізгі мәселелер бойынша бір-бірін нық қолдап келеді. Сауда, кеден, ауыл шаруашылығы, көлік, инвестиция және өнеркәсіп салаларында министрлік деңгейіндегі ынтымақтастық алаңдары құрылды. Тұрақты хатшылық толыққанды жұмыс істеп жатыр. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы өзара іс-қимыл бағыттары кеңейіп келеді. Гуманитарлық байланыстар да мазмұнды бола түсті, халықтар арасындағы байланыс күшейіп келеді, - дейді ол.
Сонымен қатар Хань Чуньлин мырза қазақ-қытай қарым-қатынасына жеке тоқталды.
– Қазақстан — «Бір белдеу – бір жол» бастамасының отаны, сондай-ақ «Қытай – Орталық Азия» механизміне белсенді қатысушы және оны қолдаушы ел. Қытай мен Қазақстан — тату көрші, дос және сенімді әріптес ел. Біз осы механизм аясында тығыз үйлесім мен тиімді ынтымақтастықты қолдаймыз, оның нығаюы мен аймақтың өркендеуіне бірлесе ықпал етеміз. Қытай тарапы «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитін сәтті өткізуге бағытталған Қазақстанның күш-жігерін қолдайды, стратегиялық үйлестіруді жалғастырады, түрлі сала бойынша ынтымақтастықты тереңдетіп, «Бір белдеу – бір жол» бастамасын сапалы дамытуға күш салады. Біз бірлесе отырып, Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастардың жаңа «алтын отыз жылдығын» қалыптастырып, «Қытай – Орталық Азия» тағдыр ортақтығы қауымдастығын нығайтуға зор үлес қосамыз, - дейді елші.
Іс-шараға Қытай Халық Республикасы елшілігінің, Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты. Одан бөлек Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысының орынбасары, Назарбаев университеті мен Еуразия ұлттық университетінің кафедра доценттері мен профессорлары, Қытайды зерттеу орталығы мен «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының өкілдері және кеңесшілер болды.
– Басты мақсат – алдағы саммитті кеңінен насихаттау. Біз, жастар ұйымы ретінде, бүгінгідей іс-шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Сол арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың дамуына үлесімізді қосқымыз келеді. Бізді екі ел арасындағы жастар елшісі деп айтуға болады. Мүмкіндігінше бүгінгідей іс-шараларды ұйымдастыра отырып, халықтың саммит туралы көбірек білуіне, оның қандай нәтиже беріп жатқанын түсінуіне ықпал етеміз. 2023 жылы өткен «Қытай – Орталық Азия» саммиті аясында Қытай Халық Республикасы Орталық Азия елдеріне толық гранттар бөлді, оның ішінде Қазақстанға 20 грант бұйырды. Бұл — Қытай үкіметінің стипендиясынан бөлек мүмкіндік. Демек, біз алда өтетін саммиттің тиімділігі мен нәтижесін көріп отырмыз, - дейді Қытай жоғары оқу орындарының түлектері қауымдастығының төрағасы, аталған іс-шараны ұйымдастырушы Жамиля Елеусізова.
Еске салайық, Қытайдың Орталық Азия елдерімен тауар айналымының жартысы Қазақстанға тиесілі.