Шараны Қытай зерттеу орталығы және KazEvent компаниясы ұйымдастырды. Шара барысында сарапшылар Қытайдың трансформациясының негізгі аспектілерін, оның жетістіктері мен Қазақстанмен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Семинар жұмысына Назарбаев университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Мақсұт Нәрікбаев университетінің, Аманат партиясының, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) өкілдері, сондай-ақ БАҚ қызметкерлері қатысты.
Семинардың ашылуында Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова және ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Син Фанфан құттықтау сөз сөйледі.
Орталық директоры сессияны ашып, қатысушылар мен қонақтарды қарсы алды және іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол Қытайдың әлемдік державалардың бірі болу үшін өткен 75 жылдық жолының ауқымдылығы мен маңыздылығы ерекше әрі таңқаларлық екенін айтты.
Сонымен қатар, Гүлнар Шаймергенова семинар қатысушыларының назарын Қытайдың негізгі жетістіктеріне аударды. Экономикалық трансформация миллиондаған адамдарды кедейліктен шығарса, Қазақстан маңызды рөл атқаратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасы елдер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтты.
- Логистика, энергетика және инновация саласындағы бірлескен жобалар болашақ ынтымақтастықтың негізін қалап жатыр, – деді ол.
ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Син Фанфан өз сөзінде бұл мерейтойды ел тарихындағы маңызды кезең және халықаралық аренадағы жетістіктердің көрінісі ретінде атап өтті.
Кеңесші-уәкіл Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың нығайып келе жатқанын айтып, түрлі салалардағы ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді. Ол сондай-ақ екі ел халқы арасындағы достықты нығайтуға және жемісті диалог үшін платформа құруға қосқан үлесі үшін шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Сонымен қатар, семинарда Халықаралық Астана университетінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры Лаззат Нұрсұлтанова, Назарбаев университетінің Бизнес жоғары мектебі стратегия және кәсіпкерлік кафедрасының доценті Джиян Дун, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының професоры Жамаладен Ибрагимов, ЖОО «Қытай түлектер достығы қауымдастығының» төрайымы Джамиля Елеусізова, TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Қысықов Асқар және ҚР Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саясат зерттеулері институтының «ҚР сыртқы саясатының елдік басымдықтары» тобының аға зерттеушісі Ұлан Нұхитжан өз баяндамаларын ұсынды.
Семинар қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Мәдени өзара іс-қимылды дамытуға, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге және инновациялық жобалар бойынша бірлескен жұмысқа ерекше назар аударылды. Қатысушылар мәдени ынтымақтастық пен ғылым, технологиялар және білім саласындағы бірлескен бастамалар екі ел мүдделеріне сәйкес келетін «ортақ тағдыр қауымдастығын» құрудың сенімді негізін қалайды деген ортақ пікірге келді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Қытайға май өнімдері экспортын $250 млн жеткізуді көздеп отыр.