Астанада қоғамдық орындарда бұзақылық 12%-ға азайды - прокуратура

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада биыл тіркелген бұзақылық фактілері 12%-ға төмендеді. Қала аумағында жыл басынан бері 38 дерек анықталып, 24 іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Астана прокуратурасының өкілі Саяхат Сұлтанов хабарлады.

- Бұзақылықтың басым бөлігін қоғамдық орындарда, көбіне мас күйдегі азаматтар жасайды. Құқықбұзушылықтардың елеулі бөлігі - топпен жасалған әрекеттер, - деді ол Астана қаласының баспасөз алаңында.

Прокурордың айтуынша, бұзақылықа қатысқан тұлғалардың 42%-ы - топпен әрекет еткендер. Құқықбұзушылардың көпшілігі 14 пен 47 жас аралығындағы ер адамдар, оның ішінде жұмыссыздар мен бұрын сотталғандар басым.

- Қоғамдық тәртіпті бұзумен күресу шаралары күшейтілді. Қала бойынша 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы ахуалдық орталыққа қосылған. Қылмысы жиі тіркелетін учаскелерге қосымша камералар орнатылып жатыр, - деді Сұлтанов.

Статистикаға сәйкес, бұзақылықтың көбі Есіл және Алматы аудандарында тіркелсе, Байқоңыр мен Нұрада көрсеткіштің төмендеуі байқалады.

Айта кетейік, бұған дейін ШҚО-да қыздар арасында болған бұзақылық жайлы жазған едік.