Әжетханадағы әлімжеттік, тізерлетіп кешірім сұрату: ШҚО-да қыздар арасында бұзақылық белең алды ма

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Соңғы жылдары Шығыс Қазақстанда қыздар арасында болып жатқан әлімжеттік қоғамды дүр сілкіндірді. Былтыр Өскеменде әжетханада студент қызды шешіндіріп, ұрып-соққандар сотталса, осы жылдың қазан айында Зайсан ауданында оқушыны тізерлетіп кешірім сұратып қорлағандардың видеосы тарады. Бұл қатігездік қайдан шықты? Тентек қыздарды тезге салу үшін полицейлер мен мұғалімдер не істеп жатыр? Ата-аналар не дейді? Kazinform тілшісінің бүгінгі материалы осы тақырып төңірегінде.

буллинг
Фото: freepik.com

Жұрттың жағасын ұстатты

Өткен жылдың наурыз айында оқушы қыз колледж студентін соққыға жығып жатқан видео әлеуметтік желіде желдей есіп, жан-жаққа тарап кетті. Ұрғаны аздай, шешіндіріп, камераға түсіріп, ақша талап еткен.

Өскемендегі «АДК» сауда орталығының әжетханасында болған оқиға облыстың ғана емес, мұқым Қазақстан халқының жағасын ұстатты.

Желіде бұл туралы түрлі ақпарат тарай бастады. «Бұзақы қыздың әкесі Антикорда, анасы Өскемен қалалық білім бөлімінде жұмыс істейді» деп жазып жатқандар көп болды.

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов күдіктінің ата-анасының Антикор қызметкерлерімен ешқандай туыстық байланысы жоқтығын хабарласа, ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева жәбірленуші қызды соққыға жыққан оқушының анасы расымен де қалалық білім бөлімінде қызмет еткенін, бірақ сол оқиғадан кейін өз еркімен жұмыстан кеткенін жеткізді.

Қорлық көрген қыздың туған апайы Тоғжан Досумова БАҚ өкілдерімен кездескенде сіңілін бір емес бірнеше адам соққыға жығып, бопсалағанын айтқан еді.

«Сіңлім өте ауыр психологиялық соққы алды. Тұйық болып кетті. Денсаулығын әлі де тексертіп жатырмыз. Сол оқиғадан кейін екі апта ауруханада жатып шықты», — деді ол.

Полицейлер тергеу амалдарын аяқтаған соң іс сотта қаралып, шілде айында үкім шықты. Әуелі 14 қыз тергеуге алынғанымен, сотта тек үш бойжеткен айыпталушы деп танылды.

мектеп
Фото: Kazinform

Кәмелетке толмаған қыздарға «алдын ала сөз байласып, бұзақылық жасау», «күш қолданып, ақша бопсалау» баптарымен айып тағылды. Сот шешімімен 2 қыз 3 жылға бас бостандығынан айырылса, үшіншісінің 1 жылға бас бостандығы шектелді. Жәбірленушінің пайдасына 9 000 000 теңге сомасында моральдық залал өтелді.

Айыпталушы тарап бұл шешіммен келіспей апелляциялық сотқа шағым түсірді. Десе де үкім еш өзгеріссіз қалды.

Осы жылдың қазан айының басында желіде тағы бір видео тарап, жұртты тіксінтті. Онда көрінгендей, оқушы қызға бір топ қыз қысым көрсетіп, боқтап, тізерлетіп кешірім сұратқан.  

Көп ұзамай ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Күдіктілер анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тәртіп бұзған қыз балалар мектепішілік есепке алынып, әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына тиісті ұсыныс енгізілді», — делінген ақпаратта.

Жеке статистика жүргізілмейді

Жыл басынан бері облыс бойынша түрлі құқық бұзушылық жасаған 1652 кәмелетке толмаған бала (өткен жылы — 1384) жауапқа тартылған. Бірақ соның ішінде қанша қыз бары белгісіз, себебі тәртіп сақшылары жеке статистика жүргізбейді.

— Бала тәрбиесінде өз міндетін тиісінше орындамағаны үшін — 733 ата-ана (2023 жылы — 686), түнгі уақытта үйінен тыс жерде болғаны үшін — 3163 бала (2023 жылы — 3223) жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта ювеналды полиция бөлімшелерінің профилактикалық есебінде 164 бала тұр, — деп жауап берді ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков Kazinform агенттігі жіберген сауалхатқа.

ерлан омарбеков
Фото: ШҚО ПД

2024 жылдың 10 айында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның 4 облыстық, 25 қалалық және 137 аудандық отырысы өткізіліпті. Комиссия отырысының қарауына 422 материал жолданған.

56 адам ата-ана құқығынан айырылса, 14 ата-ананың құқығы шектелген. Тәртібі нашар кәмелетке толмаған 18 бала арнайы мектепке жіберілді.

— Мектеп оқушылары арасында зорлық-зомбылық, буллинг және басқа да құқық бұзушылықты анықтау мақсатында департамент ШҚО білім басқармасының атына облыс мектептерінде тұрақты негізде профилактикалық жұмыстар жүргізу туралы ұсыныс жолдады. 18-23 қыркүйек аралығында мектептің педагог-психологтары арнайы сауалнама жүргізді. Оған ата-анасының келісімімен барлығы 5627 респондент қатысты. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде буллингті және қатыгездікті насихаттайтын сайттарды анықтау үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі полиция қызметкерлері жұмысының нәтижесіне күнделікті талдау жасалады. Соның негізінде қылмысқа бейім аймақтар, жасөспірімдер көп жиналатын ойын-сауық орындарына рейд ұйымдастырылады, — дейді полиция генерал-майоры.

Мұғалімдер не істеп жатыр?

Шығыс Қазақстанда бас-аяғы 344 мектеп бар. Онда 47 258 қыз бала оқиды. Осы ретте облыстық білім басқармасына хабарласып, соңғы жағдайлардан кейін қыздар арасындағы әлімжеттікті болдырмау мақсатында не істеліп жатқанын сұрап көрдік.

— ШҚО әкімдігінің 2024 жылғы 4 қаңтардағы № 1 қаулысымен өңірлік психологиялық қолдау және көмек орталығы құрылды. Онда мектептердің педагог-психологтарына, директорлардың тәрбие, жұмыс жөніндегі орынбасарларына, сынып жетекшілеріне буллинг, зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің орындалуы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, қыркүйекте 252 білім ордасының оқушылары «Менің сыныбым буллингке қарсы» челленджіне қатысты. Сол айда білім беру мекемелерінің басшыларымен, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларымен интернет желісінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде кеңес өткізілді. Мектептерде 30 200 ата-ананы қамтитын 344 жиналыс ұйымдастырылды. Соның барысында «Ата-аналар бақылауы» бағдарламасы түсіндіріліп, отбасылар мен балаларға көмектесетін қызметтер, психологиялық қолдау көрсету орталықтары, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жайлы жадынамалар таратылды. Буллингті анықтау және алдын алу жөніндегі жұмысты күшейту мақсатында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ШҚО бойынша департаментімен, жергілікті полиция қызметімен меморандумдарға қол қойылды, — деді басқарма басшысының орынбасары Алима Ақылбек.

учитель
Фото: Freepik

Сынып жетекшілері мен пән мұғалімдеріне білім беру процесінде қолайлы психологиялық климат құру бойынша әдістемелік ұсыныстар дайындалып, мектептерге таратылған.

2024-2025 жылдарға арналған буллингке қарсы пилоттық KiVa бағдарламасы биылғы оқу жылынан бастап өңірдің 4 мектебінде іске асып жатыр.

Атап айтқанда, Зайсан ауданының М.Әуезов атындағы орта мектебі, Самар ауданының Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицейі, Тарбағатай ауданындағы Абай атындағы орта мектебі, Марқакөл ауданындағы № 1 орта мектебі. 

Фин тілінен аударғанда «жақсы» деген мағынаны беретін бұл бағдарлама балаларды құрбан болмауға, зорлық-зомбылыққа үнсіз төзбеуге үйретеді.

— Жасөспірімдер арасында заңбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылық пен мәдениетті қалыптастыру үшін түрлі форматтағы шаралар қолға алынған. Білім ордаларындағы бұл жұмыс қыздарға, ұлдарға арналып жас ерекшеліктеріне қарай өткізіледі.«Жеке қауіпсіздік сабақтары» енгізіліп, ол апта сайын сынып сағаттарында 10 минуттан өтеді. «Даналық мектебі» клубының жұмысы аясында 5-11 сынып оқушылары мен олардың ата-аналарына «Оқушыны тәрбиелеудегі отбасының рөлі», «Ағасы бардың жағасы бар», «Әжелер мектебі — ұлттық тәрбиенің қайнар көзі», «Ата көрген оқ жонар» «Қыз ғұмырдың құпиялары» тақырыптарында семинар-тренингтер, Ашық есік күндері мен арнайы апталықтар ұйымдастырылып келеді, — деді Алима Ақылбек.

Өз сөзінде ол Зайсан ауданындағы соңғы оқиғадан кейін қандай жұмыс атқарылғанына да тоқталды.

— М.Дәуленов атындағы мектеп-интернатында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтерге арналған әдістемелік сағат өткізілді. Онда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған ден қою жөніндегі іс-қимыл алгоритмі талқыланды. Сонымен қатар 15-25 қазан аралығында кәмелетке толмағандар арасындағы әлімжеттікке қарсы қылмыстарды болдырмау мақсатында жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция инспекторлары мен аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері бірлесіп, мектептердегі 8-11 сыныптағы ұл-қыздармен және ата-аналармен кездесулер өткізді. Сондай-ақ Зайсан ауданы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қаулысымен құқық бұзушылық жасаған қыздардың ата-аналары бала тәрбиесіне байланысты өз міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылсын деген ұсыныс берілді, — деді ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары.

Жуықта оқушылар арасындағы әлімжеттік мәселесіне қатысты облыс әкімдігінде арнайы жиналыс өтті. Оған барлық жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдардың басшылары қатысты.

буллинг
Фото: Canva

— Бүгінде оқу орындары буллингпен әлі де болса жеткілікті дәрежеде күресіп жатқан жоқ. Мектептердің көбінде осындай бұзақылықтар тіркелуде. Бұл өте маңызды тақырып. Сондықтан жұмыс жоспарын қайта қарап, зорлық-зомбылықтың алдын алуды күшейту қажет. Мұғалімдер мұндай оқиғаларды жасырмай, ашық айтуы тиіс. Әр жағдайды жан-жақты тексеріп, ата-аналарға айтып отыру керек, — деді ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

«Ата-анасына айтпайды»

Зайсан ауданында тұратын көпбалалы ана Гүлназ Жанаева бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі маңызды екеніне тоқталды.

— Осындай оқиғаларды естігенде жаным түршігіп кетеді. Кейбіреулер мұғалімдер мен полицейлерді кінәлап жатыр. Меніңше, ең әуелі балаға үйде дұрыс тәрбие берілуі керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, ата-анасы ақыл айтып, жол нұсқап, үлгі көрсетсе — бала бұзақылық та жасамайды, теріс ортаға да жоламайды, — деді ол.

Мәселенің байыбына барып, тереңіне үңіле түсу үшін өскемендік психоаналитик Назигүл Абылқасқызымен жолығып, қыздар арасындағы әлімжеттіктің себебін сұрадық.

психолог
Фото Назигүл Әбілқасқызының жеке мұрағатынан

— Буллинг 3 түрге бөлінеді: физикалық, психикалық және кибербуллинг. Физикалық — қағып немесе итеріп кету, ұрып-соғу болса, психикалық — кемсіту, қорлау, мазақтау. Ал кибербуллинг дегеніміз — әлеуметтік желі арқылы бірін-бірі мазақ ету, қорқыту. Қазір ата-аналардың көбі жұмысбасты. «Баланың тамағы тоқ, көйлегі көк. Енді оған басқа не керек?» деп ойлайды. Сөйтіп баламен көп сөйлеспейді, жөнді көңіл бөлмейді. Кешке «шаршап тұрмын» дейді де қолына телефон алып, диванда жатады, — дейді Назигүл Абылқасқызы.

Өз сөзінде ол балалармен де жұмыс істейтінін, буллингке ұшырағандардың көбі болған жағдайды ата-анасына айтпайтынын жеткізді. Неге екенін сұрағанында «Әке-шешем менімен сөйлеспейді» деген жауап алыпты.

«Соның салдарынан бала үнсіз тынып, агрессияның бәрін ішке жинайды. Тіпті кейбіреулер тұтығып қалып жатады. Сол үшін ата-аналар баланы әңгімеге тартып, сабақтан келгенде „қалың қалай, күнің қалай өтті, не жаңалық бар?“ деген сияқты сұрақтарды қойып отыруы тиіс. Ал егер мұғалім хабарласып, балаңыздың басқа біреуге тиіскенін немесе ренжіткенін айтса онда бірден ұрса кетпей, „не себепті ол сондайға баруы мүмкін, отбасымызда не дұрыс емес?“ деп өз-өзіңізге сауал тастаңыз. Демек, үйдегі қарым-қатынаста бір кілтипан бар. Бәлкім, әкесі балаға тым қаталдық танытады немесе анасы екеуі қайта-қайта ұрсыса береді. Соның бәрін көрген бала мектепте өзінен әлсіздерге әлімжеттік жасап, өзін тұлға ретінде көрсеткісі келеді. Ұлдарда да, қыздарда да солай. Әке-шешесі қызына оның болашақ жар, келешек ана екенін айтып, ұят пен обалды үйреткені абзал. Жанына жылу сыйлап, жаманнан тыйғаны жөн. Егер ол кино көргенді немесе театрға барғанды ұнатса аптасына бір рет апарып келіңіз. Жақсы көретін кітабын алып беріп, бірге оқып, талқыға салыңыздар», — дейді психоаналитик.

«Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асырса, боғы шығады» дейді Абай. Бұл жерде де шектен шығып кетпеу керек. Назигүл Абылқасқызының айтуынша, асыра өбектелген бала да буллингке баруы мүмкін.

насилие
Фото: midjourney

— Қатал тәрбие көрген балалар ғана әлімжеттік жасайды деген жаңсақ пікір. Тым еркелеп, «жоқ» дегенді білмейтіндердің де өзгелерді қорлаған кездері аз емес. Сондықтан ата-ана шекараны біліп, бауыр еті баласының бойына адамгершілікті сіңіруі қажет. Осы ретте, мұғалімнің рөліне тоқталсақ, бала мектептен қарағанда үйде көп болады. Сондықтан тәрбие ең әуелі үйден басталуы тиіс. Ата-ана мұғаліммен үнемі байланыста болып, мектептегі жиналыстардан қалмай барып отырғаны дұрыс. Тіпті уақытыңыз болмай жатса аптасына бір рет телефон шалыңыз. «Баламның тәртібі қалай, көңіл-күйі қалай болып жүр?» деп сұрап қойыңыз. Сіз мұғаліммен бір тарапта болып, ұл-қызыңыздың тәрбиесінде өзіңіздің рөліңіз бен маңызыңызды түсінуіңіз керек, — деп қорытындылады ол.

Қыздар арасындағы буллингтің алдын алу — тек мұғалімдер мен полицейлердің ғана емес, ата-аналардың да аса жауапты міндеті. Балаларды қатігездік пен жүгенсіздіктен сақтандырып, мейірбандық пен адамгершілікке баулу үшін қоғам болып атсалысқан жөн.

Соңғы жаңалықтар