Астанада көлік доңғалақтарын ұрлап алып жатқан жігіт табан астында ұсталып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер көлік доңғалағы ұрланғанын иесінен бұрын байқап, қаскүнемді қолға түсірді, деп хабарлайды Астана қаласы ІІД баспасөз қызметі.

Ағымдағы жылдың 31 наурызы күні таңертен ерте Астана қаласы ІІД Жедел басқару орталығының бақылау камераларының кезекші инспекторы, полиция сержанты Дулат Қасқырбаев қызметі кезінде Уәлиханов көшесі бойындағы тұрақта тұрған автокөліктің доңғалақтарын шешіп жатқан ер адамды байқап қалған. Тексеру үшін Жедел басқару орталығының қызметкері полиция нарядтын бағыттаған.

Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер қаскүнемді құрықтап, «Алматы» аудандық ІІБ-ге жеткізеді. Ақмола облысының 23 жастағы тұрғыны доңғалақтарды ұрлап алып, өз көлігіне қоймақшы болғандығын мойындады.

Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер автокөлік иесіне болған жайтты хабарлады. Өз кезегінде азамат жеке мүлкінің ұрлығының жолын кескен тәртіп сақшыларына алғысын білдірді. Тәркіленген көлік доңғалақтары иесіне қайтарылды.

Оған қоса, құрықталған күдіктінің осыған дейін қала аумағында жасалынған басқа да қылмыстарға қатысы анықталуда.

Астана қаласы Ішкі істер департаменті мүліктің қауіпсіздігі мақсатында қала тұрғындары мен қонақтарына автокөлік салонында бағалы заттарды қалдырып кетпеуге және көлікті күзетілетін арнайы тұраққа қойып, дабыл жұйесін орнатуға кеңес береді.