Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының ІІД Әкімшілік полиция департаментінен хабарлады.
Екі күннің қорытындысы бойынша жол-патрульдік полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзудың 13 фактісін тіркеп, Қырғызстан Республикасының автомобильдері уақытша сақтау тұрағына қойылды, сондай-ақ 2,5 мыңнан астам ЖҚЕ бұзу оқиғасы анықталды.
«Жол-патрульдік полицияның қызметкерлері 2,5 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайын тіркеді. Соның ішінде 257 жүргізуші көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар, көлікті басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланудың 200, белгіленген жылдамдықты арттырудың 90, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 70, қарсы жолға шығып кетудің 28 және көлікті мас күйінде басқарудың 11 фактісі тіркелді. Мұнымен қоса, шетел жүргізушілерінің көші-қон заңнамасын бұзудың 20 жағдайы анықталды, 1 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан аластатылды.
Ведомствоның хабарлауынша, іс-шараға елорданың жол-патрульдік полицияның 500-ден астам қызметкері және кеден қызметкерлері тартылды.
Айта кетейік, «Транзит» жедел алдын алу іс-шарасы 2 наурызға дейін жалғасады.