Астанада көлік салонынан ақша жымқырған күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде автокөліктен ақша ұрлады деген күдікпен жас жігіт анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: ІІМ

Тергеу мәліметінше, күдікті қызыл түсті Volkswagen Vento автокөлігінің салонына заңсыз кіріп, ішінде болған ақшалай қаражатты жасырын түрде иемденген. Көлік иесіне 200 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілгені белгілі болды.

— Полицейлер жүргізген кешенді жедел іс-шаралар барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында ұсталған азаматтың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екені де анықталды, — делінген хабарламада.

Бұл бағыттағы тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Астана қаласының полиция департаменті тұрғындарды жеке мүлкінің сақталуына мұқият қарауға шақырады. Көлік ішінде ақша, телефон, құжаттар және өзге де бағалы заттарды қалдырмаған жөн. Сондай-ақ автокөліктен кеткен кезде оның есіктері мен терезелерінің толық жабылғанына көз жеткізу қажет. Полиция азаматтарға бөтеннің мүлкін жасырын жымқырудың заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

Бұған дейін Астанада мешітте телефон ұрлаған күдікті ұсталғанын жазған едік.