Астанада көлік жүргізу құқығы жоқ 185 адам рөлге отырған

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өткен «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көлік басқару құқығы жоқ немесе жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан рөлге отырған 185 адам анықталды.

Фото: Айгерім Амантаева / Kazinform

Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.

Рейд барысында жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылды.

— «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде көлік басқаруға құқығы жоқ болса да рөлге отырған 185 адам анықталды, — деді Нұрлан Уваев.

Оның айтуынша, іс-шара аясында мас күйінде көлік жүргізу, қауіпті маневр жасау, қарсы бағытқа шығу, жаяу жүргіншілер өткелінен өту қағидаларын бұзу және өзге де өрескел құқық бұзушылықтар ерекше бақылауда болды.

Полиция мұндай құқық бұзушылықтардың жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтіп, оларды анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыс тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді.

Еске салайық, 25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне еніп, жүргізушілерге қойылатын талаптар мен жекелеген құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіледі.