Астанада көркем гимнастикадан ҚР чемпионаты өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Көркем гимнастика орталығында – Тәуелсіздік сарайында ел чемпионаты өтіп жатыр. 3-7 мамыр күндері спорт шеберлері, сондай-ақ 8-12 мамыр күндері спорт шеберлігіне үміткер және 1-разряд арасында Қазақстанның екі чемпионаты ұйымдастырылады. Онда 500-ден аса спортшы бақ сынайды.

Сол сияқты еліміздің барлық өңірінен жасақталған құрама команда бөлек қатысады. Сол себепті жарыс өте тартысты өтеді деп сенемін», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерві спорт мектебі» КММ басшысы Әбілқайыр Сайранбек.

Еліміздің әр өңірінен жиналған талантты қыздар өнерлерін көрсетіп жатыр.

«Бұл – Қазақстан ішіндегі ең үлкен жарыс. Сондықтан спортшылардың бәрін көріп шығамын. Топтық командаларды да назарымызға аламыз. Себебі қазір Азия чемпионатына дайындық жүргізіп жатырмыз», - деді Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Жүсіпова.