Астанада көрнекі сотта жыныстық қызмет ұсынған бойжеткенге жаза тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Ішкі істер департаменті қоғамдық тәртіпке қайшы «ұсақ» әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін бұзақыларды жариялы түрде жазалау, жазадан бұлтартпау қағидасын қоғамда қалыптастыру бойынша жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Астана қаласы Сарыарқа аудандық ІІБ акт залында сағат 15.00-де Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы А.Қайдарованың төрағалығымен көшпелі сот отырысы болып өтті.

Көшпелі сот отырысында 449-баптың 1-бөлігі (қоғамдық орында азаматтардың мазасын алып тиісу), оған қоса, ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша 8 әкімшілік іс қаралды.

Мәселен, азаматша Г. Оспанқұлова (07.08.2015 ж.) сағат 10.00-де Біржан сал 2 «а» көшесі бойында азаматтарға интимдік қызмет ұсынған. Сол себепті 10 АЕК (19820 теңге) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, сот алдында Билялов Е. есімді азамат (26.07.2015 ж.) Гёте көшесі бойында темекі тұқылын рұқсат етілмеген жерде тастап, сол әрекетімен көпшілік қолданатын қоғамдық жерді ластағаны үшін ҚР ӘҚБтК жауапқа тартылды.

Жауапқа тартылған азаматқа қарасты 10 АЕК (19820 теңге) мөлшерінде айыппұл санкциясы қабылданды, алайда аталмыш істің мән-жайын қарастырып, Билялов Е. бұрын сонды әкімшілік құқықбұзушылыққа тартылмағанын есепке алып, сот айыппұл соммасын 30% (13.524 теңге) қысқартты.