— Елордамызды көгалдандыру және көркейту жұмысын ауқымды жүргізіп жатырмыз. Биыл 170-тен астам аула мен қоғамдық орынды (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырамыз. Сондай-ақ, биыл 1,1 миллионнан астам жасыл желек (көшеттер, бұталар, ағаштар) отырғызамыз. Абаттандыру жұмысы Астананың барлық ауданын қамтиды, — деді ол.
Қаланың маңызды жобаларының бірі — кіші Талдыкөлдегі экопарк. Абаттандыру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіледі.
— Қазір аумақта дайындық және инженерлік жұмыс басталды. Жоба аясында су қоймасының жекелеген учаскелерін тазарту, түбін тереңдету жұмысы, аумақты дайындау және болашақ экопарктің базалық инфрақұрылымын қалыптастыру жұмысы жүріп жатыр, — деп жазды қала басшысы.
Биыл мынадай іс-шаралар жоспарланып отыр:
— сүзгі жүйесі бар техникалық бөлмелердің құрылысы;
— акваторияда су деңгейін сақтау үшін ұңғымаларды іске қосу;
— алғашқы серуендеу бағыттарын құру;
— аумақты ауқымды көгалдандыруды бастау.
— Осы күзде ағаштар мен жасыл желектер отырғызудың бірінші кезеңі басталады. Жұмыс табиғи ортаны және қолданыстағы ландшафты барынша сақтай отырып жүргізіледі, — деді Жеңіс Қасымбек.
Келесі жылы жоспарланып отырған іс-шаралар:
— серуендеу бағыттары мен экологиялық жаяу жолдарды аяқтау;
— уақытты тыныштықта өткізуге арналған орындар ашу;
— ауқымды көгалдандыру;
— аумақтың табиғи экожүйесін қорғау және сақтау бойынша шешімдерді жүзеге асыру.
— Жобаның негізгі міндеті — қала іргесінде табиғатқа және биоалуантүрлілікке зиян келтірмей, уақытты тиімді өткізуге арналған табиғи кеңістік құру, — деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Айта кетелік Кіші Талдыкөл орнында салынатын экопарк құрылысына 4,5 млрд теңге жұмсалмақ екені туралы жазған едік.