Астанада құны 750 мың теңгелік су өткізгіш құбырларды ұрламаққа әрекеттенген бес адам ұсталды

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - «Алматы» ауданының ІІБ қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шараларының барысында құбырларды бөлшектеу жұмыстарын жүргізген топ ұсталды.

Бұл туралы Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Қолға түскен бес адамның сөзіне қарағанда, олар кешкісін арнайы техника арқылы диаметрі 1 метр және ұзындығы 80 метр болатын магистральды құбырларды ұрламақ болған. Бұл құбырлар «Астана су арнасы» МКК-ке тиесілі және жалпы құны 730 мың теңге. Полицейлер оларды қылмысты жасау кезінде құрықтады.

Аталған факті бойынша ұсталған адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.