Астанада Құрбан айт кезінде малды аулада союға тыйым салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Құрбан айт мерекесі қарсаңында санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Биыл Құрбан айт 27-29 мамыр аралығында өтеді. Осы кезеңде санитарлық талаптарды сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу және құрбан шалу рәсімін қауіпсіз ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылмақ.

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, мал сою тек арнайы белгіленген және жабдықталған орындарда ғана рұқсат етіледі.

Тұрғын үйлердің ауласында, көшелерде, подъездерде және басқа да қоғамдық орындарда мал союға тыйым салынған.

Осы мақсатта Астана қаласында бес арнайы алаң белгіленді.

Байқоңыр ауданы:
– «Шанхай» базары – Алаш тасжолы, 34/6
– «Баракат» базары – А369 көшесі, 10
– «Жайлау» базары – Алаш тасжолы, Ц313 көшесі
– «Шәушен» шаруа қожалығы – Алаш тасжолы, 136Б

Алматы ауданы:
– «Ет-Хан» ет цехы – Теміржолшылар тұрғын алабы, Ақжар көшесі, 20.

Әкімдік өкілдері мал сойылған орындардағы қалдықтар белгіленген тәртіппен жойылуы тиіс екенін ескертті. Оларды тұрмыстық қоқыс контейнерлеріне тастауға болмайды.

Сондай-ақ тұрғындардан санитарлық талаптарды сақтап, қоғамдық тәртіпті бұзбай, Құрбан айт кезінде қауіпсіздік ережелеріне жауапкершілікпен қарау сұралды.

Қазақстанда құрбандыққа шалатын қой бағасы қанша теңгеден саудаланып жатқанын мынау сілтемеден біле аласыз.