Астанада құтқарушылар 30 метр биіктіктегі көпірден ер адамды құтқарды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ТЖМ құтқарушылары «Қараөткел» көпірінің доғасына шыққан ер адамды қауіпсіз жерге түсіріп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ведомствоның мәліметінше, Сарыарқа ауданында полиция қызметкерлеріне көмек көрсету қажеттігі туралы ақпарат келіп түскен.

— Ер адам «Қараөткел» көпірінің доғасына шығып, шамамен 30 метр биіктікте болған. Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары дереу жіберілді. Жедел іс-қимыл барысында құтқарушылар альпинистік құрал-жабдықтарды пайдаланып, ер адамды биіктіктен қауіпсіз түсірді. Ер адам құтқарылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматыда құтқарушылар тауда жарақаттанған туристке көмек көрсеткенін жазған едік.