Астанада күзде әскерге шақырылған сарбаздар Ұлттық ұланға аттанды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы жинау пунктінде 35 астаналықты әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Азаматтар Алматы қаласындағы Ұлттық ұлан бөлімдерінде әскери қызмет өткереді.

Фото: Ұлттық ұлан

Оларды шығарып салуға елорда әкімдігінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның өкілдері, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Фото: Ұлттық ұлан
Фото: Ұлттық ұлан

Әскерге алынған азаматтарға бұл күн ерекше болды.

Фото: Ұлттық ұлан

Алда әскери ұжым, жауынгерлік даярлық, жауапкершілік пен жаңа міндеттер тұр. Мұның бәрі олардың өмірінің маңызды бөлігіне айналары сөзсіз.

Фото: Ұлттық ұлан

— Бүгін сендер ересек өмірге маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери қызмет сендерді сабырлылыққа, тәртіпке және бір-біріңе қолдау көрсетуге үйретеді. Әскери форманы абыроймен киіп, командирлерің мен қаруластарыңды құрметтеңдер. Әскери міндеттеріңді адал атқарыңдар. Әрқайсың Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен өтеп, үйге шыңдалып, есейіп, жаңа өмірлік тәжірибе жинақтап, аман-есен оралуларыңа тілектеспін, — деді әскерге жаңа алынғандарға арнаған сөзінде Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.

Фото: Ұлттық ұлан

Әскери қызметке аттанғандардың қатарында Бисен Алимат та бар. Бисен үшін әскерге бару — жаңа білім алып, әскери мамандықты меңгеруге және өмірдің маңызды мектебінен өтуге мүмкіндік.

Фото: Ұлттық ұлан

— Бұл қадам — мен үшін әрине, өте жауапты қадам. Дегенмен, осы жолдан өтуге дайынмын. Әскери мамандықты меңгеріп, тәртіпті әрі шыңдалған азамат болғым келеді. Жақсы достар тапқым келеді. Ең бастысы — Отаным мен отбасым алдындағы әскери борышымды абыроймен өтеу, — деді ол.

Әскерге шақырылушының анасы Гүлмира Сәрсеноваға да бұл күн ерекше әсерге толы күн болды.

Фото: Ұлттық ұлан

— Әр анаға әскерге ұлын шығарып салу оңай емес. Дегенмен мен бүгін ұлыма мақтанышпен қарап тұрмын. Әскери қызметін жақсы өткеріп, мықты әрі жауапты азамат болып оралуына тілектеспін. Ең бастысы — денсаулығын сақтап, үйде оны жақсы көретін және әрдайым күтетін жандар бар екенін ұмытпасын, — деді Г. Сәрсенова.

Іс-шара соңында Ұлттық ұланның әскери оркестрі мен ансамблі әскерге шақырылушылардың, олардың туған-туыстары мен қонақтардың алдында өнер көрсетті.

Фото: Ұлттық ұлан

Еске салсақ, биыл күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Астанадан Қарулы күштер қатарына 1400 азамат шақырылады.

Фото: Ұлттық ұлан

Бұдан бұрын әлеуметтік желідегі видео шымкенттік барабаншыны Ұлттық ұланға алып келгенін жазғанбыз.