Астанада мас күйінде көлік жүргізетін жүргізушілерге бақылау күшейді

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының полиция қызметкерлері өткен демалыс күндері алкогольдік масаң күйде көлік жүргізген 24 жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Pexels

Осындай оқиғалардың бірін Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері түнгі сағат шамамен бірде анықтады. Елорда көшелерінің бірінде Haval автокөлігі тоқтатылды. 

Көлік тізгінінде 38 жастағы ер адам болған. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны анықталды.

— Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ер адам 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, — делінген қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.

Астана қаласының Полиция департаменті көлік құралын мас күйінде басқару жол қозғалысы қауіпсіздігіне, азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Осыдан бұрын Жамбыл облысында полициядан қашқан мас жүргізуші 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны айтылды.