Астанада «МАЙНЕКС Орталық Азия» тау-кен өнеркәсібі форумы басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «МАЙНЕКС Орталық Азия» тау-кен өнеркәсібі форумы басталды. Бұл беделді форум әлемдік дағдарыс жағдайындағы минералдық шикізат саласының даму барысы мен болашақтағы мүмкіндіктеріне басымдық бермек.

Форумның басты мақсаты: халықаралық байланысты нығайту, аталмыш мәселе бойынша мемлекеттік үйлестіруді арттыру, техникалық жаңғыртуды жетілдіру, кәсіби мамандарды даярлау, тау-кен өндірісін қаржыландыру және инвестиция тарту.

Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, тау-кен өндірісінің, инженерлік және инвестициялық компаниялардың 300-ден астам басшылары қатысады. Орталық Азиядағы Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан, сонымен қатар Моңғолия, Ресей және алыс шет мемлекеттерден 80-ге тарта баяндамашы сөз сөйлейді деп күтілуде. Олар тау-кен бизнесінің алдағы даму барысына қатысты өз ойларымен бөліседі.

Форум аясында Еуразиялық Топ (ERG) пен «Инновациялық технологиялар паркі» автономиялық кластерлік қоры арасында әріптестік және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қояды. Бұл құжат тау-кен кешенін индустриялық және инновациялық дамыту жобаларын жүзеге асыруға бағытталып отыр.

Шараға ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, ҚР-дағы Ұлыбритания Елшісі Кэролин Браун, Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) директорының орынбасары Агрис Прейманис қатысады.