Фестивальді ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырып отыр. Байқау Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және ҚР Конституциясына 20 жыл толуына арналды. Фестивальдің марапаттау рәсіміне барлық өңірлерден шамамен 100-ден астам бала қатысты.
«Көкейімдегі бар әлем» атты республикалық шығармашылық фестиваль мәресіне жетті. Бүгін осы шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен шығармашылық туындыларын алып келген жастар осында жиналып отыр. Фестиваль Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған болатын. Министрлік тарапынан Сіздерге осы шығармашылықтарыңыз сөнбей, ары қарай қанаттана берсін, осындай үлкен алаңда бір-бірінен сол туындыларыңды көріп, бойындағы шығармашылықтарыңыз ары қарай өрлей берсін деген тілегін жеткізгім келеді. Осы шара арқылы Сіздер көптеген достар таптыңыздар. Жас болсаңыздар да, Отанымызда болып жатқан үлкен сайыстарға қатысып, өздеріңіздің еңбектеріңізді көрсетіп жатсыздар. Қазақстанның болашағы Сіздердің қолдарыңызда», - деп атап өтті ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде.
Айта кету керек, байқау 2 кезеңде - өңірлік және республикалық деңгейде «Қысқа метражды кино», «Фотосурет», «Графикалық дизайн», «Сәндік-қолданбалы өнер» аталымдары бойынша өткен болатын.
Іріктеуге қатысуға жас ерекшеліктеріне сәйкес 10-15 және 16-26 жас аралыңындағы таланттар шақырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастардың мәдениет пен өнер арқылы әлеуметтік бейімделу процесін дамытуға қолдау көрсету. Байқау мүмкіндігі шектеулі баллар мен жастарды әртүрлі өнер түрлерімен айналысуға және қоғамның мәдени өміріне белсенді тартуға бағытталған. Фестиваль жаңа таланттарды анықтауға, қатысушылардың кәсіби шеберліктерін, олардың өзара қарым-қатынастарын жетілдіруге, шығармашылықпен белсенді айналысуына жағдайлар жасауға, жетістіктерін көрсетуге және тәжірибе алмасуға арналған.