Оның айтуынша, бүгінде елордадағы нүктелі құрылыс мәселесі тұрақты бақылауда тұр.
– Бұған дейін қала бойынша нүктелі құрылысқа қатысты 23 нысан анықталған болатын. Оның 22-сі бойынша тұрғындардың пікірін ескере отырып, мектеп, медициналық мекеме, балабақша, сквер секілді әлеуметтік нысандар орналастыру туралы шешім қабылданды. Ал қалған бір нысан – Ақбұлақ-3 шағынауданындағы Қадырғали Жалайыр көшесі, 6 мекенжайында орналасқан «IQONIQ» тұрғын үй кешені. Бұл жоба бойынша соттың құрылыс жүргізуге қатысты шешімі бар. Дегенмен әкімдіктің ішкі хаттамасына сәйкес, нысан қоғамдық тыңдаудан өтпейінше құрылысқа рұқсат берілмейді, – деді Алтынбек Ахметов.
Спикердің мәліметінше, қазір Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Астананың Бас жоспарына түзетулер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжат қалалық мәслихат сессиясында қаралып, қоғамдық тыңдаулардан өткен және ведомстводан тыс мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған.
- Қазіргі уақытта бұл құжат Үкімет порталына жүктелді. Оны бекіту туралы Үкімет қаулысына қол қойылды, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол заңнамаға қала құрылысы регламенттері бекітілгенге дейін жұртшылықпен талқылау өткізуге қатысты өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
– 2024 жылдан бері әкімдік құрылыс компанияларымен және қоғам өкілдерімен бірлесіп 311 қоғамдық талқылау өткізді. Бұл тұрғындардың пікірін ескеруге, нүктелі құрылыстың алдын алуға, әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға және халықтың қажеттіліктеріне сай жайлы қалалық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Алтынбек Ахметовтің айтуынша, 2024 жылдан бері бірыңғай қала құрылысы сараптамасы аясында егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша тек 9 нысан ғана тексеруден сәтті өткен.
- Бұл жобалық құжаттамаға қойылатын талаптардың жоғары екенін және жүргізілетін сараптаманың мұқияттығын көрсетеді. Кешенді тексеру барысында заңнама талаптарының ықтимал бұзылу фактілері қала құрылысы жоспарлау кезеңінде анықталып, олардың алды алынады. Сонымен қатар жобалардың белгіленген нормалар мен стандарттарға сәйкестігі қамтамасыз етіледі, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысының заңсыз әрі ретсіз құрылысты жою жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесінде бастапқы рұқсат құжаттарын беру және эскиздік жобаларды келісу процестері толық цифрландырылған.
– Бүгінде бұл қызметтердің барлығы мемлекеттік қызмет ретінде көрсетіледі. Біздің пайымдауымызша, Сәулет басқармасы аталған қызметтерді толық көлемде әрі сапалы түрде ұсынып отыр, – деді Алтынбек Ахметов.
Бұған дейін Астанада жыл басынан бері құрылыс саласында 160 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын жазғанбыз.