Астанада Олимпиада чемпиондарының қатысуымен Ішкі әскерлердің гала-концерті өтті

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанада Конгресс Холл сарайында ҚР Ішкі әскерлерінің құрылған күніне орай ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Орталық оркестрі мен Ән-би ансамблінің гала-концерті өтті.

«Бұл ведомствоның дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан игі шараларының бірі болып кетті. Концерттің мақсаты - жастарды Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу, әскери өмірдің үздік дәстүрі мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу болып отыр», - дейді ҚР ІІМ Ішкі әскерлер комитетінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасы төрағасының орынбасары Савердин Имиров.

Айтулы iс-шараға Iшкi әскердiң штаттық-спорттық командасы құрамындағы әскери қызметшiлер - олимпиада ойындарында және халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк байрағын талай рет желбiреткен бірқатар атақты спорт саңлақтары шақырылып, құрмет көрсетiлдi.

Астаналық қонақтар мен тұрғындарға патриоттық рух пен ұрпақтар сабақтастығы тақырыбындағы майдан және әскери әндер, бірегей, мұқият дайындалған «Астанама арнаймын...» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Гала-концертті әдеттегідей бірінші болып дирижер Асхат Мұхамедияровтың басқаруымен өнер көрсететін ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Орталық оркестрі ашты. Шара кезінде дәстүрлі әскери әндер шырқалды. Сонымен қатар халықаралық конкурс лауреаттарының қатысуымен эстрада, халық әндері, әлем халықтарының ән-билері орындалды.