Астанада өлкетану жобасы ауқымында жазғы каникул кезінде ҚР-ның түпкір-түпкірінен 1200-ден астам мектеп оқушысы болады

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Алматы облысының мектеп оқушыларымен - ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізіп отырған «Отанымыздың елордасы - Астананы оқып-үйренеміз» өлкетану жобасына қатысушылармен кездесті., деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

«Еліміз тәуелсіздігінің арқасында сендер қазір ана тілінде білім алып жатырсыздар, Отанымызға, оның елордасы - Астанаға арнап өлеңдер жазып жүрсіңдер. Президентіміздің және мемлекеттің егемендігінің арқасында біз Еуразия кіндігінде әдемі қала тұрғыздық. Сендерге қаланың көрікті жерлерін көруге, елорданың жоғары ұлттық рухын сезінуге мүмкіндік жасалды, болашақта осы тамаша қалаға келуге құлшынып, еліміздің дамуына өз үлестеріңді қосуға тырысатын боласыңдар. Болашақта бәрің де Назарбаев университетінің студенттері атанғандарыңды көргім келеді», - деді Б.Жұмағұлов.

Министр оқушыларды өз мұғалімдерін ұмытпауға, олардың ұлы еңбегін құрметтеуге үндеді.

Мектеп оқушылары елордадағы өздерінің әсерлерімен бөлісті. Алматы облысындағы Жансүгіров атындағы кенттен келген Қ.И.Сәтбаев атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Хамзат Джаппуев «Мен Астанаға келгеніміне бақыттымын, біз бірнеше күн ішінде қаланың барлық көрнекті орындарында, Ақордада, Қазақ елі монументінде, «Бәйтеректе» болдық - әсерлерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз осындай арман-қаланы салғызған Елбасына алғыс айтамыз», - деді.

Ғ.Орманов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Гүлдана Мүтәліп «Астана - әлемдегі ең көрікті қала ғой деп ойлаймын, Астана - еліміздің елордасы екенін мақтаныш етемін», - деген пікірін білдірді.

Елордада болған кезде оқушылар ҚР тұңғыш Президентінің мұражайында, «Астана-Бәйтерек» монументінде, Тәуелсіздік сарайында, Бейбітшілік және келісім сарайында, Президенттік мәдениет орталығы жанындағы мұражайда, «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде, Оқушылар сарайында болды. Балғын қонақтар үшін Есіл өзенімен катерде саяхаттау ұйымдастырылды.

Жазғы каникул кезінде өлкетану жобасы ауқымында елдордада республикамыздың түпкір-түпкірінен 1200-ден астам бала қонақта болмақ.