Астанада өнімдерді экспорттау кезінде сапа инфрақұрылымын жақсарту және дамыту бойынша халықаралық семинар болып өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мамандарының қатысуымен экспорттау кезінде сапа инфрақұрылымын жақсарту және дамыту бойынша аймақтық семинар болып өтті.

Метрология және аккредиттеу мекемелерінің қызметтерін халықаралық мойындау саласында тәжірибе алмасу» тақырыбындағы семинар «Орталық Азия елдеріндегі сапа инфрақұрылымын дамытуды қолдау» жобасының аясында Германияның РТВ физика-техникалық институтымен бірлесіп ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР ИДМ Техникалық қадағалау және метрология комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Коста-Риканың аккредиттеу бойынша ұлттық органының өкілі Беатрис Панигуа екі күндік семинардың модераторы болды.

Аталған шара әрбір елдегі кәсіпорындармен жүргізіліп отырған жұмыстар және 2013-2015 жылдары метрология және аккредиттеу жүйесіндегі өзгерістерді есепке ала отырып, сапа инфрақұрылымы туралы көптеген маңызды мәселелерді қамтыды.

Семинар барысында Еуропалық одақ елдеріне азық-түлік өнімдерін экспорттау бойынша қырғыз компаниясының өкілі өнімдерді экспорттау кезіндегі сапа инфрақұрылымын қолдану тәжірибесімен бөлісті.

Бұдан басқа, семинардың арнайы қонағы - Германияның физика-техникалық институты және Халықаралық өлшемдер мен салмақтар бюросының бұрынғы директоры - доктор Майкл Джонс баяндама жасап, аккредиттеу мен метрологияның сынақтан өткізу зертханаларын дамытуға бағытталған бірлескен жұмысын атап өтті.

Топтардағы жұмыс және сапа инфрақұрылымын жақсарту және дамыту бойынша бірлескен шешімдер шығару - бұл кездесудің басты ерекшелігі болды.

«ҚазИнМетр» РМК-ның бас метрологы Шыңғыс Қуанбаев метрология және техникалық қадағалау жүйесінде жоспарлап отырған өзгерістерінің таныстырылымын өткізді.

Семинар қатысушыларын сапа инфрақұрылымын дамытудағы өзгерістерді қадағалау рөлі туралы баяндама мен метрологиялық бақылауда өнеркәсіпте қолданылатын өлшеу құралдарынан бастап ұлттық эталондар және көлем бірліктерін халықаралық анықтауға дейінгі қазақстандық тәжірибесі қызықтырды.