Астанада пәтер тонаған ұрылар қолға түсті

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанада үш күн ішінде бірнеше пәтерді тонаған екі павлодарлық ұсталды, деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында елордада үш күн ішінде 7 пәтерді тонаған екі Павлодар облысының тұрғынын ұстады. Тергеу кезінде олар Астанаға бірнеше күнге пәтер тонау үшін келгенін мойындаған. Пәтер жалдап тұрып, қала ішінде «Мицубиси» көлігімен жүрген.

«Павлодар облысының тұрғындарын ұстаған кезде олардан айғақ ретінде ұрланған заттардың бір бөлігі - оның ішінде зергерлік бұйымдар, ноутбук, фотоаппарат, 750 мың теңге тәркіленген», - деп берілген хабарламада.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері олардың есірткі пайдаланатынын әрі бұған дейін де пәтер ұрлығы бойынша сотталғандықтарын анықтады.

«Олар көбінесе теміржол вокзалы маңындағы үйлерге магнит кілті арқылы кірген. Кез келген үйдің қоңырауын қағып үйде ешкім жоғын анықтаған соң, есікке кілт келтіріп ашып ұрлық жасап келген», - деп мәлімдеді Астана қаласының ІІД баспасөз қызметінен.

Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 175-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар тергеу изоляторына қамалды.