Астанада пәтерлерді заңсыз жалға берушілер анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сарыарқа» ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы мен «Сарыарқа» ауданы ІІБ-ның Жергілікті полиция қызметі пәтерлерді заңсыз жалға беру фактілерін анықтауға бағытталған рейдтік шараларды жүргізуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Тексеру шараларының барысында 24 қазанда Қарасай батыр көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде пәтерді заңсыз жалға беру фактісі анықталған болатын.

«Пәтер иесі ҚР ӘҚК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Оған 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген мемлекеттік кірістер басқармасының хабарламасында.

Жергілікті полиция қызметі «Сарыарқа» ауданының тұрғындарына үйді жалға беру кезінде айыппұл санкцияларына ілікпеу үшін мемлекеттік кірістер органдарында,Халыққа қызмет көрсету орталықтарында немесе ҚР электронды үкіметі (egov.kz ) арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажеттігін ескертеді.