Астанада педагогтар «Өзін-өзі тану» бағдарламасының басым бағыттарын талқылады

АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ұстаздардың тамыз кеңесі аясында бір топ педагогтар «Өзін-өзі тану» адамгершілік рухани білім беру бағдарламасының» басым бағыттарын талқылады.

«Білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі аясында бүгін мектептерде оқытылатын «Өзін-өзі тану» адамгершілік рухани білім беру бағдарламасының» басым бағыттарын талқылауға арналған панельдік сессия өтіп жатыр. Бұл сессияға «Өзін-өзі тану» сабағының педагогтары, «Бөбек» ғылыми орталығының қызметкерлері мен Бала құқықтарын қорғау комитетінің мамандары қатысуда. Яғни, бүгін біз балаларға біліммен қатар, рухани тәрбие берудің маңыздылығын талқылаймыз»,-дейді ҚР БҒМ Бала құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Аяш Мәкенова.

Оның айтуынша, «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева негізін қалаған «Өзін-өзі тану» адамгершілік рухани білім беру» - жас балаларға біліммен қатар, бойларына рухани тәрбие берудің маңыздылығын жан-жақты қарастырған бағдарлама.

«Алғашында ілкі жоба ретінде іске қосылған бағдарлама 2010 жылдан бері балабақшадан бастап, жалпы орта білім беретін мектептерде түгелдей оқытылып келеді»,-деп атап өтті А.Мәкенова.