Астанада пневмониямен 192 бала ауруханада ем алып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — 23 қыркүйектегі жағдай бойынша Астана стационарларында пневмония диагнозымен 270 адам ем алып жатыр. Оның 192-сі — бала, біреуі — жүкті әйел. Бұл туралы Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Ашимханов елордалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Оның айтуынша, қалада ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық әрі зертханалық бақылау 8 медициналық ұйымда жүргізіледі. Тұмауға ұқсас белгілері бар науқастардан сынама алынып, вирус анықталған үлгілерге қосымша генетикалық зерттеу жүргізіледі.

— Маусымдық сырқаттану көбейген кезде тұрғындарға медициналық көмекті дер кезінде көрсету үшін қалада 87 сүзгі кабинеті жұмыс істейді. Олар жұмыс күндері сағат 08:00–ден 20:00–ге дейін, демалыс және мереке күндері 08:00–ден 18:00–ге дейін қабылдайды, — деді Айдын Ашимханов.

Спикердің сөзінше, қажет болған жағдайда стационарларда қосымша төсек орындары ашылып, қолданыстағы төсек қоры науқастар санына қарай қайта бейімделеді.

— Үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бригадалар жұмыс істейді. Жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балалардан түскен шақыртуларға бірінші кезекте қызмет көрсетіледі, — деді ол.

Айдын Ашимхановтың айтуынша, медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйымдармен және жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ сырқаттану деңгейі, емханалар мен стационарларға түсетін жүктеме және жедел жәрдемге түсетін шақыртулар күн сайын бақыланады. Қажет болған жағдайда осы мәліметтер негізінде пациенттер ағыны қайта бөлінеді.

Бұған дейін Астанада балалар арасында ЖРВИ-мен сырқаттану 24%-ға өскені хабарланған еді.