Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Арнасай көшесіндегі үйдің тұрғындары «102» нөміріне қоңырау шалып, төртінші қабаттағы ашық терезеден 2 қыз және бір ұл баланың қарап тұрғанын хабарлаған. Осыдан кейін оқиға орнына патрульдік полиция мен төтенше жағдайдар қызметінің қызметкерлері жедел жіберілген.
«Өрт сөндіруге арналған көтергіштің көмегімен құтқарушылар 3 және 5 жастағы сәбилерге көтерілді. Кейін оларды Есіл аудандық ювеналдық полиция инспекторларына табыс етті. Тексеру барысында олардың ата-аналарының шұғыл перзентханаға кеткені анықталды. Өйткені, балалардың анасында кенеттен толғақ басталған.
Заңды өкілдердің атап өтуінше, сол уақытта балалар ұйықтап жатқан әрі дер уақытында үйге ораламыз деп үміттенген.
Қазіргі уақытта балалардың жағдайы жақсы әрі ата-аналарымен бірге. Олармен алдағы уақытта мұндай жайтқа жол бермеу үшін әңгімелесу жүргізілді», - деп атап өтеді департаменттен.