Астанада Президенттік шыршаға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам бала қатысты

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА.KAZINFORM – Салтанатты шараға еліміздің барлық өңірінен оқу, спорт, шығармашылық және қоғамдық салада жетістікке жеткен, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы 100-ден астам бала қатысты.

– Президенттік шырша жыл сайын өткізіледі. Биыл республика бойынша бұл мерекеге 4 мыңнан астам бала қатысады, оның 100-і республикалық деңгейде шақырылған балалар, – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік бағдарлама балалардың қызығушылығын арттыруға және есте қаларлық әсер сыйлауға бағытталған. Президенттік шыршаға келген балалардың ішінде Ақтөбе облысының оқушысы Аль-Фараби де бар.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Ақтөбе облысынан келдім, 6-сыныпта оқимын. Кішкентай кезімнен ән айтамын. Болашақта әнші болғым келеді. Интерактивті залдағы барлық бекеттерге барып шықтым. Баршаңызды Жаңа жылмен құттықтаймын, – деді ол.

Сондай ақ Аль-Фараби сұхбат барысында «Молдабай» әнін шырқап берді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Іс-шара екі негізгі бөлімнен тұрды. Алдымен балаларға арналған интерактивті аймақ жұмыс істеді. Аталған аймақта бес арнайы бекет ұйымдастырылды. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Атап айтқанда, қатысушылар VR көзілдірігі арқылы виртуалды кеңістікке саяхат жасады, аквагрим аймағында сурет салдырды, сыйлық таратылатын алаңда мерекелік тартулар алды. Сонымен қатар калейдоскоп стиліндегі фотобекетте естелік суретке түсіп, жасанды интеллект көмегімен фотосуреттерін өңдету мүмкіндігіне ие болды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Біз барлық заманауи технологияларды көрсетуге тырыстық. Мұнда шалғай ауылдардан келген балалар да бар, олардың көпшілігі Астанаға алғаш рет келіп отыр, – деді Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Мерекелік бағдарламаның екінші бөлігінде сахналық қойылым мен ресми марапаттау, сыйлық тарту бөлімі өтті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Айта кетейік, елордада жаңа жыл қарсаңында 40-тан астам шырша шамын жақты. Соған орай, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды мерекелік іс-шаралар өткенін жазған едік.