Астанада Республикалық жастар медиа-форумы басталды

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Қазмедиа» орталығында ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесінің 5 жылдығына арналған «Жас медиа» Республикалық жастар медиа-форумы басталды.

«Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысын бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жастардың үлкен сұранысына ие әлеуметтік желілер мен ғаламторда ақпараттық сүйемелдеу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі жастар медиа-форумы осыған мысал бола алады. БАҚ-тың жас өкілдері форум аясында сіздердің алдағы кәсіби қызметтеріңізге қажетті шеберлік-сыныптары, журналистика мамандарымен кездесулер, еліміздің жетекші телеарналары жұмысымен танысу ұйымдастырылады. Сіздер еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларға шолу жасай отырып, жастар саясатын ақпараттық қолдауға басымдық берулеріңіз қажет. Осылайша, өскелең ұрпақтың өз құқықтары мен міндеттерін білуіне, қазақстандық отансүйгіштік рухында тәрбиеленуіне елеулі үлес қосасыздар деп сенемін»,-деді ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жастар ісі бойынша комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов.

2020 жылға дейінгі жастар саясатын дамыту тұжырымдамасы қабылданғанын, Үкімет құжатты іске асырудың іс-шараларын бекіткенін еске салып өткен ол, «бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жаңа жобасы әзірленіп, бүгінде Үкіметтің қарауына енгізілді»,-деді.

Сөз соңында комитет төрағасы жастар саясаты аясында атқарылып жатқан іс-шаралар мен жастардың мүмкіндіктерін БАҚ арқылы барынша таратып, жастардың қалыптасуына жәрдемдесуді сұрады.

Атап айтқанда, форумның пленарлық отырысынан кейін «Сенің көзқарасың» шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау және «Рахмет» сыйлығын табыстау рәсімі өтеді. Мұнымен қоса жастарға арналған блогерлік, PR және әлеуметтік желілер, мемлекеттік жастар саясаты саласында ақпарат алмасу бағыттарында шеберлік-сыныптары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, форум делегаттары «Жастар және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» тақырыбында өткізілетін пікір алмасу алаңында өз ойларын ортаға салатын болады.