Астанада робот-курьерлер тапсырыс жеткізе бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада тапсырысты автономды түрде жеткізетін робот-курьерлердің жаңа сервисі тестілік режимде іске қосылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Фото: Астана әкімдігі

Жобаның алғашқы кезеңінде Есіл және Нұра аудандарының тұрғындары «Яндекс Лавка» сервисінен берген тапсырыстарын жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы арқылы өздігінен қозғалатын робот-курьерлердің көмегімен тегін ала алады.

Пилоттық жоба елорда әкімдігі, қалалық Полиция департаменті, «Astana Innovations» АҚ және Yandex Qazaqstan компаниясының бірлесуімен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Робот арқылы тегін жеткізу қызметіне «Яндекс Go» қосымшасының «Лавка» бөлімі арқылы тапсырыс беруге болады. Егер көрсетілген мекенжай пилоттық жоба аумағына кірсе, пайдаланушы тапсырыс рәсімдеу кезінде кәдімгі курьерді немесе робот-курьерді таңдай алады. Роботпен жеткізу үшін қосымша ақы алынбайды.

Робот тапсырысты тұрғын үйге дейін жаяу жүргіншілер жолымен жеткізіп, кіреберіс алдындағы тротуарда немесе ең жақын қолжетімді жерде тоқтайды. Пайдаланушы оның қозғалысын қосымша арқылы бақылап, келгеннен кейін смартфонның көмегімен жүк бөлігін ашып, тапсырысын ала алады.

Роботтар навигациялық жүйелер, компьютерлік көру және нысандарды тану технологиялары арқылы бағытты өздігінен құрып, айналасындағы жағдайды талдайды. Олар кедергілерді анықтап, айналып өтеді, жаяу жүргіншілерге жол береді, қажет болған жағдайда жылдамдығын төмендетіп, қауіпсіз тоқтай алады. Роботтардың орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына шамамен 6 шақырымды құрайды.

Бағдарламалық қамтамасыз ету мен датчиктер жүйесінің арқасында роботтар әртүрлі ауа райы жағдайында да жұмыс істей алады.

Айта кетейік, жобаның алғашқы сынақ кезеңі 2026 жылғы 15 шілдеде басталды. Осы уақыт ішінде мамандар роботтардың қала көшелеріндегі қозғалысын, жаяу жүргіншілермен және инфрақұрылым нысандарымен өзара әрекеттесуін, сондай-ақ оларды қауіпсіз пайдалану тетіктерін тексерді.

– Астанада тұрғындарға арналған қалалық сервистерді қолжетімді әрі ыңғайлы ету үшін заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеміз. Бұл жоба аясында автономды жеткізу қызметінің қалалық инфрақұрылым жағдайындағы жұмысын бағалаймыз. Негізгі назар қауіпсіздікке, сервистің сенімділігіне және пайдаланушылармен өзара байланысқа аударылады. Алынған нәтижелер елордада автономды жеткізу қызметін одан әрі дамытуға негіз болады, – деді Astana Innovations басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.

Пилоттық жобаның іске қосылуы елорда тұрғындары мен қонақтарына тапсырыс жеткізудің жаңа технологиялық форматын күнделікті өмірде пайдаланып көруге мүмкіндік береді. Жоба ауқымы кеңейген сайын қызмет көрсету аумағы да ұлғаяды.

– Бүгінде елді цифрлық трансформациялау бойынша ауқымды міндеттер жүктеліп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Сонымен қатар биыл Digital Qazaqstan стратегиясы қабылданып, онда ұшқышсыз технологияларды дамыту цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Робот-курьерлердің пилоттық іске қосылуы – инновациялардың әзірлеу кезеңінен күнделікті қолданысқа өткенінің нақты мысалы. Біздің міндетіміз – осындай шешімдерді дамытуға және оларды қалалық инфрақұрылымға қауіпсіз енгізуге жағдай жасау, – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.

Айта кетейік, Қарағандыда қоғамдық қауіпсіздікті робот-ит күзетіп жүр.