Жеңімпаз команда Қазақстан атынан 7-10 қазан аралығында Корея Республикасының Инчхон қаласында өтетін FIRST Global Challenge 2026 әлем чемпионатына қатысады.
Жарысты ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-білім беру орталығы, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері және Astana Motors құрамындағы OMODA&JAECOO брендінің қолдауымен USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.
Сайысқа Қазақстаннан шамамен 40 команда және Өзбекстанның жетекші командалары қатысады. Үш күн бойы оқушылар инженерлік жобалары мен техникалық портфолиоларын таныстырып, бағдарламалау, инженерлік ойлау және командалық жұмыс бойынша шеберліктерін көрсетеді.
Сонымен қатар қатысушылар FIRST Global Challenge ресми ойын алаңында арнайы тапсырмаларды орындайды.
– 2026 жылғы жарыстың Igniting Innovation тақырыбы орман өрттерінің алдын алу, олардың зардаптарын азайту және зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру үшін инженерлік және технологиялық шешімдерді қолдануға арналған. Қатысушылар модельденген ортада тапсырмаларды орындау үшін роботтарды құрастырып, бағдарламалауы қажет, – делінген министрлік хабарламасында.
Ұлттық іріктеуде жеңіске жеткен команда әлемнің 190-нан астам елінен оқушылар бас қосатын әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды. Онда қатысушылар робототехника бойынша сынға түсіп қана қоймай, жаһандық технологиялық мәселелерді шешу үшін халықаралық командалар құрамында бірлесіп жұмыс істейді.
Қазақстан соңғы жылдары FIRST Global Challenge чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ұлттық құрама 2022 жылдан 2025 жылға дейін төрт жыл қатарынан әлем чемпионатының жеңімпазы атанған. Осылайша Қазақстан оқушылар арасындағы халықаралық робототехника көшбасшыларының біріне айналды.
2026 жылдан бастап ірі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін білім алу мүмкіндіктері де кеңейтілді.
FIRST Global Challenge халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының тізіміне енгізілді. Соның нәтижесінде оның жеңімпаздары мен жүлдегерлері «бакалавриат» санаты бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткер бола алады.
Бұл қазақстандық дарынды оқушылардың академиялық және кәсіби дамуына қосымша мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қазақстандық оқушылар робототехникадан халықаралық чемпионатта 23 жүлде иеленді.