Перформанс барысында жас өнерпаздар композитордың «Арыс жағасында», «Сағынышым менің», «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Құшақ жайған қандай адам», «Жан құрбым» және «Қайықта» сынды танымал шығармаларын орындады.
Музыкалық қойылымның ерекшелігі — оның қала кеңістігінде ұйымдастырылуында.
Өнерпаздар Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары орындалатын пианино инсталляциясының жанына жайғасып, өнер көрсетті.
Осылайша, әдеттегі сахналық қойылымнан тыс форматта ұйымдастырылған перформанс музыка мен елорда тұрғындарын және қонақтарын бір арнаға тоғыстырды.
Бұл жас өнерпаздарға Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын бүгінгі көрерменге жаңаша танытып, композитордың мол мұрасын заманауи форматта жеткізуге мүмкіндік берді.
— Шәмшінің әндері ұрпақты ұйыстырады. Оның әндерін әр жастағы адам біледі, сүйіп тыңдайды. Біз үшін бұл шығармалардың сахнадан ғана емес, қала кеңістігінде де шырқалып, Астананың күнделікті тыныс-тіршілігінің бір бөлшегіне айналуы маңызды, — деді Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров.
Сонымен қатар елордадағы музыкалық қойылымдар бірнеше алаңда — «Бәйтерек» монументі маңында және Арбатта ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бүгін қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл толды.