«Шыңғыс Айтматов және түркі халықтарының әдеби байланыстары» конференциясын Халықаралық түркі академиясы мен Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет институты бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияға Қазақстан мен Қырғызстанның белгілі ғалымдары, жазушылары, әдебиеттанушылары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар түркі халықтарына ортақ әдеби мұраны зерттеу, қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын дамыту және Шыңғыс Айтматов шығармашылығының түркі әлеміндегі орны жөнінде пікір алмасты.
Жиынды ашқан Халықаралық түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев ортақ тарихи жадыға, мәдени дәстүрлер мен рухани құндылықтарға негізделген қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын зерттеу — қазіргі түркологиялық ізденістердің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Конференция жұмысына ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан, Қырғыз Республикасының халық жазушысы Қайрат Иманалиев, Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет институтының директоры және мерейтой иесі Абдылдажан Ақматәлиев, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің дипломаттары, екі елдің зерттеушілері мен әдебиет өкілдері қатысты.
Абдылдажан Ақматәлиевтің мерейтойына орай Қазақстан басшылығы атынан құттықтаулар жолданды. Бауыржан Омаров Қазақстан Вице-Президенті Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Ұлытау облысының әкімі Есет Байкеннің құттықтауын мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев жеткізді.
Конференция аясында академик Абдылдажан Ақматәлиевтің Түркі академиясына сыйға тартқан кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Экспозицияға ғалымның қырғыз әдебиетіне, Шыңғыс Айтматов шығармашылығына және түркі халықтарының әдеби байланыстарына арналған ғылыми еңбектері мен әдебиеттанушылық зерттеулері қойылды.
Қатысушылар Абдылдажан Ақматәлиевтің ғылыми мұрасы мен зерттеушілік қызметіне де ерекше назар аударды. Ол түркі әлемі әдебиеті мен Шыңғыс Айтматов шығармашылығын зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалымдардың бірі.
Мәдени бағдарлама аясында манасшы Азиз Биймырза уулу қырғыз халқының «Манас» эпосынан үзінділер орындады. Сондай-ақ қырғыздың төкпе ақыны Нұрсұлтан Малдыбаев екі халыққа ортақ ауызша поэзия өнерінің дәстүрін жалғастырған шығармашылық өнерін ұсынды.
Бұған дейін Алаш мұрасын түркі әлеміне танытып жүрген әзербайжандық ғалым Әли Шамилоглы туралы жазған едік.