Астанада смартфон ұрлап, Kaspi-дегі ақшаны иемденген екі жасөспірім 5 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада тонау, ұрлық және алаяқтық дерегіне қатысы бар екі жасөспірім 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот анықтағандай, олар жәбірленушілерге 3 млн теңгеден астам шығын келтірген. Бұл туралы Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлім етті.

Фото: ChatGPT/t.me/jambyl_sottary

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі жасөспірімге қатысты үкім шығарды. Олар бұзақылық, тонау, алаяқтық, ұрлық және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру деректері бойынша кінәлі деп танылды.

Оқиға қалай болған?

Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 26 наурызда жасөспірімдер тобы «Koktal» сауда үйінің тамақтану аймағында үш адамды ұрып-соққан. Бұған дейін топ мүшелерінің бірі жәбірленушілердің біреуімен жанжалдасқан. Төбелес салдарынан сауда үйіне келушілер арасында дүрбелең туған.

17 сәуірде екі сотталушы алдын ала келісіп, өздерімен жанжалдасқан жасөспірімнің соңынан ерген. Олар пышақ пен телескопиялық таяқты көрсетіп қорқытып, құны 341 981 теңге болатын смартфонын тартып алған. Кейін телефонды сатып жіберген.

30 сәуірде олардың бірі тағы екі адаммен бірге скверде телефонды ломбардқа өткізуден бас тартқан жасөспірімді соққыға жыққан. Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің жеңіл жарақат алғанын растаған.

Бұдан бөлек, 15 мамырда сотталушылардың бірі танысының телефонын рұқсатсыз пайдаланып, Kaspi қосымшасы арқылы оның депозиттік шотынан 620 мың теңге иемденген.

Телефондарды тартып алып, шоттардан ақша шешкен

Сот анықтағандай, 2026 жылдың сәуірі мен маусымы аралығында жасөспірімдер қоңырау шалу сылтауымен таныстары мен өзге адамдардың телефондарын иемденген. Кейбір жағдайда құрылғыларды жәбірленушілердің қолынан жұлып алған.

Мәселен, 29 мамырда олар Бурабай ауданындағы дүкен сатушысының iPhone 15 Pro телефонын алып, Kaspi шотынан 237 мың теңге шешіп алған. Кейін телефонды сатып жіберген. Осы оқиғадан келген шығын 837 мың теңге болған.

Жалпы, жәбірленушілерге келтірілген материалдық залал 3 068 981 теңгені құрады.

Сот қандай шешім шығарды?

Прокурор екі жасөспірімге де 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сотталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінген.

Сот олардың кәмелетке толмағанын және шын жүректен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Нәтижесінде екеуіне де 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал осы іске байланысты сотқа берілген тағы үш жасөспірім жәбірленушімен татуласып, келтірілген шығынды өтегендіктен қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Оларға тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шаралары қолданылды.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада 15 адамды алдап, 21 млн теңгеден астам ақша алған жалған жөндеуші сотталған болатын.