Астанада су және кәріз инфрақұрылымын жаңғыртуға 20-ға жуық жоба іске асады

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында елордадағы сумен жабдықтау, су бұру және нөсерлі кәріз жүйелерін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Фото: Астана әкімдігі

— Шаруашылық-тұрмыстық кәріз жүйелерін, нөсерлі кәріздерді, сумен жабдықтау жүйелерін және т. б. инфрақұрылым нысандарын салу бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр.

Ауыз су тапшылығын болдырмас үшін өткен жылы станцияларға бастапқы суды тәулігіне 50 мың м³ көлемінде жеткізетін техникалық су құбырын салуды бастадық, — деді ол.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 3,2 км құбыр салынды. Биыл 5 айда — 5,8 км. Осыған дейін, 2023 жылы үшінші сорғы-сүзгі станциясының (ССС-3) жұмысы іске қосылған болатын.

— Алдағы жылдары магистральды су құбыры желілерін салу бойынша шамамен 20 жобаны іске асыру қажет. Қаланың дамуы мен су тұтыну көлемінің артуын ескерер болсақ, аталған жобаларды жүзеге асыру елорданы сенімді әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Елорданың су бұру жүйесіне тоқталсам: өткен жылы шаруашылық-тұрмыстық кәріз желілерінің 10 шақырымы және кәріз-сорғы станциясын салу бойынша 2 жоба толық аяқталды. Биыл 2 кәріз-сорғы станциясын салу бойынша 2 жобаны аяқтау жоспарланып отыр, — деді қала басшысы.

Қазіргі уақытта орташа су бұру көлемі — 350-360 мың м³/тәулік (жыл сайынғы өсім шамамен 10 мың м³/тәулік) деңгейінде. Ағынды сулар қолданыстағы кәріз-тазарту құрылыстары (КТҚ) арқылы тазартылады.

Қуаттылығын арттыру мақсатында биыл тәулігіне 188 мың м³ өнімділікке ие КТҚ-2 нысаны және оған кіретін-шығатын коллекторлар құрылысы басталады.

Сонымен қатар Көктал, Өндіріс елді мекендерінде және Индустриялық парк аумағында жалпы өнімділігі тәулігіне 85 мың м³ болатын жергілікті тазарту құрылысын (ТҚ) жобалау жұмысы жүргізілуде, сондай-ақ қолданыстағы КТҚ-1 нысанын жаңғырту арқылы оның өнімділігін тәулігіне 25 мың м³-ге арттыру жоспарланып отыр.

— Елорданың нөсерлі кәріз жүйесі 20 тазарту құрылысы мен бір жинақтау тоғанынан, сондай-ақ 621 км болатын магистральдық коллектордан, нөсерлі, дренажды және арық-науалы кәріз желілерінен құралады, олар 20,1 мың гектардан астам аумақтың жерүсті ағын суларын бұруға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары нөсерлі, дренажды және арық-науалы кәріз жүйелерінің магистральдық коллекторлары бойынша 22 км-ден астам желі салынып, қайта жаңғыртылды, сондай-ақ 9 сорғы станциясы мен 6 тазарту құрылысы іске қосылды. Мәселен, 2025 жылы 5 нысан бойынша құрылыс жұмысы аяқталды: Қорғалжын тас жолының солтүстігі, ТҚ III-6-ға № 2 коллектор (Ильинка елді мекені), II-4 ауданындағы (Мыңжылдық) ТҚ және т. б. Нәтижесінде жүргізілген шаралар арқылы жерүсті ағын суларын бұру аумағы 16,7 мың гектардан 20,1 мың гектарға дейін кеңейтілді.

Триатлон паркі ауданындағы ТҚ 1-4 және Ақжол көшесі бойындағы ТҚ 6-1 тазарту құрылысын салу және кеңейту жұмысы жүріп жатыр. Бұл жобаларды іске асыру Алматы мен Байқоңыр аудандарындағы бірқатар көше мен жолды су басу қаупін азайтады, — деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Айта кетелік Астанада 1,7 млн теңге мемлекеттік грантты кімдер ала алатыны туралы жазған едік