Астанада техколледждер арасында World Skills International форматы бойынша тұңғыш ұлттық чемпионат өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилияда 2015 жылы World Skills International форматы бойынша өтетін сайыстарға еліміздің техникалық колледждері қатысады.

Бұл туралы бүгін «Кәсіби маман дайындау стратегиясы: проблемалары мен перспективалары» атты педагог мамандардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында ҚР БҒМ кәсіби-техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру департаментінің директоры Сабыржан Мадеев айтты.

«10 шілдеде Қазақстан әлемдегі беделді World Skills International ұйымына мүшелікке қабылданды. Бұл ұйымды кәсіби-техникалық білім беру саласындағы Олимпиадалық ойын деуге болады. Осы ұйымның ұйымдастыруымен екі жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген колледж студенттері 40-60 мамандық бойынша сайысқа түседі», - деп атап өтті ол.

Департамент директорының айтуынша, осы бәсекеге қатысу үшін еліміздің колледждерінің үздік студенттерінен арнайы команда жасақталады.

«Келесі жылдың ақпанында аймақтық сайыстар өткізу жоспарлануда. Ал сәуірде Астанада World Skills International форматы бойынша еліміздегі тұңғыш ұлттық чемпионатты өткіземіз. Оның қорытындысы бойынша команда жасақталып, келесі жылдың тамызында Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтетін әлемдік чемпионатқа жіберіледі», - дейді С. Мадеев.

Маманның айтуынша, біздің команда бірінші рет бұл чемпионатқа конкурстан тыс қатысады. «Біз алдымен өзімізді көрсетіп, тәжірибе жинаймыз. Алайда қорытынды рейтингке енбейміз. Сосын 2017 жылы Әбу-Дабиде өтетін чемпионатқа толыққанды қатысып, рейтинг үшін барлық салалар бойынша бағымызды сынайтын боламыз», - деді С.Мадеев.