Астанада тек 3 заңды тұлғаның 12 сауда орнында пиротехника сатуға рұқсаты бар - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Желтоқсан айы бастала сала, Қазақстанның нарығына Жаңа жыл кешіне сән беретін дүниелер ене бастайды. Олардың арасында көп сатылатыны әрі өте қауіп төндіретіні - пиротехникалық заттар.

Олар қазір қаланың кез келген базарында сатылып жатыр. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Асылбек Ыдырысов арнайы брифингте хабарлағандай, Астана қаласы бойынша тек үш заңды тұлғаға пиротехника сатуға рұқсат берілген екен.

«Пиротехникалық заттарға лицензия беретін - Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті. Бүгінгі таңда ел бойынша осындай лицензияға ие 26 заңды тұлға бар. Астана қаласы бойынша 3 заңды тұлға жұмыс істейді. Елорда аумағы бойынша осы үш заңды тұлғаның 12 сату орнында пиротехника заттарын сатуға рұқсат берілген»,-деді ол журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Ал, жалпы, А.Ыдырысов хабарлағандай, 15-30 желтоқсан аралағындағы рейд барысында ел аумағынан 1344 дана пиротехникалық бұйымдар жойылған.

«Осы жылы 15 желтоқсаннан 30 желтоқсан аралығында заңды және жеке тұлғалармен пиротехникалық зарттарды сақтау, есепке алу, тасымалдау, жою, әкелу, әкету талаптарының сақталуын тексеруге бағытталған жедел алдын алу шаралары жүргізілуде. Бүгінгі таңда республика бойынша 592 рейд өтті. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар тас жолдарда автокөліктердің пиротехникалық заттарды тасымалдауын тексерудеміз. Жүргізіліп жатқан іс-шаралар барысында 36 заң бұзу фактісі анықталған. Оның ішінде азаматтық пиротехникалық заттарды заңсыз рұқсатсыз сатқан 30 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде лицензиясы жоқ тұлғаларға қатысты 22 хаттама толтырылды. Барлығы шараны жүргізу барысында заңсыз айналымнан 1344 дана пиротехникалық бұйым жойылды»,- деді өз сөзінде А.Ыдырысов.