Астанада темір-терсек қабылдайтын 4 орын жабылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада полиция кәріз құдығының шойын қақпақтарын ұрлауға қатысты рейд барысында темір сынықтарын қабылдайтын 4 орынды жапты. Осындай кәсіппен заңсыз айналысқан 21 адамның үстінен әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Елордалық полицейлер жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың 28 ақпаны мен 6 наурыз аралығында «Құқықтық тәртіп» алдын алу іс-шарасын өткізуде.

Шара кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күресті күшейту және құқық бұзушылықтың алдын-алу көзделеді.

1 күннің ішінде полиция 900-ге жуық ауланы аралады. 20-дан астам қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 5 адам ұсталды. Сонымен қатар, 800-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

Полиция департаменті түрлі-түсті және қара металл ұрлығының, сондай-ақ, кәріз құдықтарының шойын қақпақтарын ұрлауға тыйым салу үшін ұдайы рейд өткізеді.

«Құқықтық тәртіп» шарасы барысында елордалық Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп темір сынықтарын қабылдайтын 4 орынды жапты, онда 2,5 тоннадан астам металл тәркіленді. 21 металл қабылдау пунктінің иесіне қатысты ҚР ӘҚБК 463-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру).

Айта кетерлігі, жыл басынан бері полиция қызметкерлері 30 темір сынықтарын қабылдау орнын жауып, ол жерден 50 тоннадан астам металл тәркіледі.