Астанада түнгі клубтарда азот тотығын пайдаланушылар ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Нашақорлықтың алдын алу бойынша профилактикалық шараларды жүзеге асыру мақсатында елорда прокуратурасының бастамасымен Полиция департаменті 15 ойын-сауық мекемесінде рейдтік іс-шаралар жүргізді.
— Нәтижесінде 7 баллон азот тотығы және 14 пакет шар (азот тотығымен дем алу үшін пайдаланылады) тәркіленді, 4 тұлғаға ӘҚБтК-нің 440-1-бабы бойынша 10 тәулікке әкімшілік қамақ қолданылды, — делінген хабарламада.
Нашақорлық және күшті әсер ететін заттардың заңсыз қолданылу фактілерін анықтау мен алдын алу тұрақты негізде жүргізіліп жатыр.
Бұл жұмыс елорда прокуратурасының ерекше бақылауында.
Азот тотығы есірткі затына жатпайды, алайда ол күшті әсер ететін заттарға жатады.
Оны медициналық мақсатта емес қолданғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі — ӘҚБтК) 440-1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Айта кетелік нашақорлықтан психикалық ауытқуға дейін — «синтетика» несімен қауіпті екені туралы жазған едік.