Астанада түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерге рейд жүргізілуде

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Жасы 18-ге толмаған, алайда уақытын сауық-сайран құрумен өткізіп жүрген жасөспірімдердің жолы кесілуде. Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Basis» ресурстық орталығы құқық қорғау органдарымен бірлесіп түнгі 22:00-ден кейін ата-анасының қарауынсыз демалыс орындары мен ойын-сауық орталықтарын жағалаған жеткіншектерді анықтау мақсатында барлау жүргізілді.

«Бұл шара 2011-2013 жылға арналған жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Аталмыш бағдарлама аясында сәуір айынан бастап Астана қаласының барлық аудандарында рейдтер өткізілді. Сол рейд барысында 57 құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде 3 жасөспірім ІІД ювеналды полиция бөлімшесіне есепке тұрғызылды», - деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Алпамыс Әбенов.

Astana.kz сайтының жазуынша, «Мен және Заң» жобасын жүзеге асыру мақсатында өткізілген рейд Есіл ауданынан басталды. Онда түнгі клуб, интернет клуб, дәмхана, мейрамхана, қала көшелері толықтай тексерілді деуге болады. Тексеру нәтижесі бойынша ата-анасының қарауынсыз Бәйтерек монументі алдында суретке түсіріп нәпақа тауып, компьютер клубында ойын ойнаумен уақытын өткізген 6 жасөспірім ұсталды.

Ювеналды полиция тобының инспекторы Аида Құсайынованың айтуынша, жеткіншектердің үшеуі Қарағанды қаласының тұрғындары екен. Енді мұндайға жол берген компьютер клубының әкімшілігі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112. 1-1-бабы бойынша жауапқа тартылады. Ал түнгі уақытта қараусыз жүрген 6 бала Астана қаласы №13 полиция бөлімшесіне жеткізілді. Енді олардың ата-аналары аталған кодекстің 111, 336. 4-1-баптары бойынша жауапқа тартылады.

Қоғамдық тәртіпті қалыптастыруды мақсат ететін шара 26 шілдеде Алматы ауданында жалғасын табады.